0:00 / 0:00
Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткер Хайрулла Ғабжалилов, Талғат Ерғалиев және Фатима Бизақованы тіркеуден өткізбеді. Себебі олар, кандидаттарға қатысты талаптардан өтпей қалды. Хайрулла Ғабжалиловті "Асар» оралмандар қауымдастығы" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған еді. Сайлау заңының талабы бойынша президенттікке кандидат Қазақстан азаматы болуы керек, ал Ғабжалилов қандас, Қарақалпақстанда туған.Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте істемеген.
Орталық сайлау комиссиясының сүзгісінен өтпей қалған тағы бір үміткер -Талғат Ерғалиев. Экс-депутат "Қазақстан Құрылысшылар одағы" атынан ұсынылған еді. "Құрылысшылар одағы заңды тұлғалардың бірлестігі. Ал сайлауға республикалық қоғамдық бірлестік ғана кандидат ұсынуға құқылы.
Фатима Бизақова "Практикалық психология" республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидат ретінде ұсынылып еді. Бұл үміткер де өтпей қалды.
Сайлау додасына түсіп жатқан қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кандидат ретінде тіркеліп, науқандағы сенімді өкілі Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов болатын болды. Сенімді өкіл алдағы президенттік сайлауды Тоқаев басым дауыспен жеңіп алатынына сенімді.
Әзірге бұл додада Тоқаевтың қарсыласы ретінде өзін оппозиция өкілімін деп жүрген Нұржан Әлтаевты айтуға болады. Бірақ оның өзі Орталық сайлау комиссиясының тексеруінен өте алмай жатыр. Комиссия кандидат Нұржан Әлтаевтың тапсырған құжаттарының сәйкестігін анықтау үшін құзырлы органдарға жіберген еді. Астана қалалық соты Әлтаевты кандидат ретінде қабылдау туралы хаттаманы уақытша тоқтата тұруды ұсынған. Сол себепті «Мұқалмас» бірлестігі ұсынған Нұржан Әлтаевтың тағдыры әлі шешілген жоқ.