0:00 / 0:00
Бүгін жаңадан жасақталған министрлер кабинеті алғашқы отырсын өткізіп, Президент міндеттеген тапсырмаларды жүзеге асыруға кірісті. Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев елден капиталды заңсыз шығаруға қарсы жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Ал сауда, ауыл шаруашылық және тағы басқа да құзырлы министрліктер елде шекті бағаны ұстап тұруды қолға алмақ. Қазақстанда утилизациялық алым бойынша мемлекеттік оператор құрылатын болды. «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының қаражаты орфандық аурулары бар балаларды емдеуге жұмсалмақ. Елде орын алған жаппай тәртіпсіздіктердің салдарын жою жұмысы қарқынды жүргізіледі. Қазақстанда коронавирустың қайта өршуіне байланысты үкіметтің отырысы онлайн режимде өтті.
Үкіметтің құрамы елу пайызға ғана жаңарды. Жылы орынға енді жайғасқан министрлер отырыс басында елге адал қызмет етеміз деп ант беріп, Президент жүктеген міндеттерді атқару бойынша жоспарларын жарыса баяндады. Өздеріңізге мәлім, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимі кезінде шетелге ақша шығару, оның ішінде жалған мәмілелер жасау арқылы шығару қаупі артқанын айтқан болатын. Енді Қазқастаннан заңсыз жолмен шығарылған ақшаны бақылау жұмысы күшейтілмек. Яғни капиталды елден негізсіз шығаруға қарсы жұмыстар жүргізіледі. Ұлттық банк ендігі 10 қаңтарда тиісті бұйрықты қабылдаған көрінеді.
Тоқаев, жаңа үкіметке қазақстандықтардың кірісін арттыру, қымбатшылыққа жол бермеуді тапсырған еді. Сауда министрлігі бастаған құзырлы органдар шекті бағаны ұстап тұру жолында жұмыс бастадық деп сендіреді. Сондай-ақ, елде «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылмақ. Қорға жеке және мемлекеттік көздерден,халықаралық қайырымдылық ұйымдарынан қаржы тартылады. Президент Қазақстандық байларға да халыққа көмектесуден аянбауға кеңес берген еді. Қор қызметі денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік инфрақұрылым, орын алған жойқын – қирату салдарын қалпына келтіру және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдауды қамтиды. Еліміздің бас дәрігерінің айтуынша, қор есебінен орфандық аурулары бар балаларды емдеуге мүмкіндік туады.
Сондай-ақ, Президент жүктеген тапсырманың бірі- утилизациялық алымды мемлекеттік орган бақылауы тиіс. Ал жекеменшік "Оператор РОП" компаниясының қызметін тоқтатуды тапсырған болатын.
Бас экологтың айтуынша, осы шаруаны уысында ұстап келген "Оператор РОП" компаниясына утилизациялық алымнан 691,9 млрд теңге пайда түскен. Компания 2015 жылы құрылған болатын. Одан әрі, инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бүлінген мемлекеттік нысандар 20 ақпанға дейін жөндеуден өтеді деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, орын алған жағдай кезінде 8 өңірде 53 мемлекеттік нысан мен шағын және орта бизнестің 151 объектісі зардап шекті. Әкімдіктер бүлінген нысандардың нақты санын күн сайын жаңартуда. Атамекен кәсіпкерлер палатсына мәліметінше, бизнеске келтірілген шығынның жалпы сомасы 103,7 млрд теңгеден асты. Үкімет басшысы сөз соңында министрлер кабинетін жұмыла жұмыс істеуге шақырды.