0:00 / 0:00
4-5 ай бойы қант тапшлығын жоя алмай жатқан үкімет жақын арада қантпен қарық қыламыз деп отыр. Бүгін өткен министрлер кабинетінің жиынынан соң Премьер-Министрдің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қант нарығындағы айналым схемасы өзгеретінін айтты. Сауда саласын енді қолына алған Жұманғарин қант саласындағы кәсіпкерлермен келісімге келдім деп отыр. Қант тапшылығын жою үшін бюджеттен 25 млрд теңге, өндірушілерден 25 млрд теңге бөлінеді. Министр бүкіл ақшаны бір уысқа шоғырландырып, бақылауда ұстаймыз деп сендірді.
Үкімет елдегі зауыттарға 3 айдың шикізатын сатып алуға ақша беріп отыр. Бір аптадан кейін аталған қаржы зауыттардың шотына түсіп, бразилиялық қант құрағының 3 айлық көлемін сатып алады. Осылайша қант шикізатымен толық қамтылып, тапшылық жойылады дейді Жұманғарин мырза. Өз кезегінде зауыт иелері жыл бойы қант бағасын көтермеуге келісіп отырған көрінеді. Нәтижесінде зауыттан шыққан қант 460 теңге болмақ. Өкінішке орай елде қанттан басқа да проблема бар. Азық-түлік бағасы түгел шарықтап кеткен. Бау-бақшада жеміс пен көкөніс жайқалып өсіп, алтын күздің берекесі келіп жатса да баға асқақтап тұр. Вице-премьер бұған облыс басшыларын кіналады. Себебі өңірлер азық-түлік бағасын бақылау туралы үкіметтің тапсырмасын аяқсыз қалдыруда. Бұл орайда Батыс Қазақстан мен Түркістан облысы сынға алынды. Екі өңірде әкімнің орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр.
Серік Жұманғарин азық-түлік нарығын бақылауға ведомствоның адамдары жетпей жатыр дейді. Өңірлерде нарықты бақылайтын комиссияларда жұмыс дұрыс атқарылмаған, формалды ғана болған. Енді сауда министрлігіндегі метрология, сауда, тұтынушылардың құқығын қорғау комитеттері біріктіріп, бір департамент жасақталмақ. Осылайша адамдарды бір уысқа біріктіріп, бақылауды күшейтпек.