0:00 / 0:00
Келесі жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тест тапсырушылар үшін жаңа тыйым пайда болады. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, енді мектеп түлектері тестілеуге қалам алып кіре алмайды. Себебі, көптеген түлек қаламға шпаргалкаларын тығып әкелетін болған. Биылғы ҰБТ қортындысына келсек, орташа балл жеті балға өсіп, 73 балл болды. Бес адам ең жоғары көрсеткіш – 137 балл жинады. Ал 120 балдан жоғары алған балалардың саны – 2868-і құрады.
Қазақстанда ҰБТ 2004 жылы енгізілді. Әу баста жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсыру міндеті көптің көңілінен шыға қойған жоқ. Тест тапсыру әдістемесі жылда өзгеріске ұшырады. Көптеген олқылықтарды жоюға тура келді. Жылдан –жылға ҰБТ тапсыру қиындады. Яғни түлектердің бұрынғыдай жасырын түрде бірнеше телефон алып кіріп, бір-бірінен көшіру, шпаргалкаларды аяқ киіміне тығып кіргізу сияқты әртүрлі әдістері іске жарамай қалған. Бүгінде ҰБТ тапсырушының әр қимылы бейнебақылауға алынған. Биыл да ҰБТ кезінде "бір компьютер – екі камера – бір тестіленуші" қағидаты сақталды. Тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы камера да орнатылған.Ішкі ережені бұзған сәтте, тест тапсырып отырған компьтер сөніп, түлек ҰБТ тапсырудан шектеледі. Дегенмен, тапқыр жастар шпаргалка алып кірудің басқа да жолдарын тауып жатыр. Биыл ҰБТ өткізу барысында 402 талапкер смартфон, шпаргалка және де басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан 312 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды. Кейбір тест тапсырушылардан жасырын камералар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды. Тіпті тест тапсыру барысында сұрақ жауаптарын қағазға жазып, қаламсапқа тығып, алып кіргендер болған. Енді келесі жылдан бастап түлектерге ҰБТ-ға қалам алып кіруге тиым салмақшы.
РУСЛАН ЕМЕЛБАЕВ – ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ «Біз денсаулығында кінәраты бар балаларға дәрумен мен дәріні кіргізуге рұқсат етеміз. Бізде бір оқушы дәруменнің бетіне формулаларды жазып қойған, арнайы қаламдар да болған. Сол себепті біз келесі жылы ҰБТ өткізу кезінде қаламдарды да аудиторияда беру туралы шешім қабылдағымыз келеді. Тіпті кастюмінің қалтасын кесіп, ішіне смартфон тығып кіргендер болған».
Айта кету керек, ҰБТ 5 шілдеде аяқталды. ҰБТ электронды форматта 43 тестілеу орталығында өтті. Әр балаға екі рет тест тапсыру мүмкіндігі берілді. Биылғы жылы 5 түлек ғана ең жоғары балл алды .
Ұлттық тестілеу орталығы барлық бейнежазбаға ағымдағы жылдың 31 қазанына дейін талдау жасайды. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, білім грантын иеленген талапкер грантынан айырылады.