0:00 / 0:00
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізіп,көңіл айту кітабына жазба қалдырды деп хабарлайды Ақорда. Ал түстен кейін Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсеткісі келген қазақстандықтарды ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырып, алғашқыларың бірі болып көмек қолын созып, қолдап жатқан қазақ еліне рахметін айтты. Еске сала кетейік, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында бірқатар жер сілкінісі болып, Сирияның бірнеше провинциясы да зардап шекті. Ең жойқын жер сілкінісінің магнитудасы 7-ден жоғары болды. Табиғи апаттар салдарынан Түркияда көптеген ғимарат қирады.
Бүгін Астанадағы Түркия елшілігіне бас сұққан қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, бауырлас елде орын алған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандарға қатысты көңіл айтты.Сондай-ақ Президент елшіліктегі көңіл айту кітабына "Түркияда болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көп адамның қаза болуы баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Қазақстан халқының және жеке өз атымнан түрік бауырларымызға көңіл айтамын", – деп жазды.
Тоқаев ел үкіметке зілзаладан зардап шеккен Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Өздеріңізге мәлім, ендігі Түркия еліне жер сілкінісінің салдарын жоюға құтқарушылардың бір тобы кеткен болатын. Олар ендігі құтқару жұмыстарына кірісіп те кетті. Ал сәрсенбі күні бауырлас елге құрамында 60 қазақстандық құтқарушысы бар екінші эшелон жол тартты. Олардың ішінде құтқарушылар, апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен кинологтар бар.
Өз кезегінде Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи баспасөз маслихатын өткізіп, өз елінде орын алып жатқан жағдайды баяндады. Мұндай жойқын жер сілкінісі Түркияда 100 жыл бұрын орын алған екен. Ақпанның алтысы күнгі ең жойқын жер сілкінісінің магнитудасы 7-ден жоғары болды. Бұдан соң 648 рет кішкентай жер сілкінісі 6 баллмен болған. Әбден қорқып қалған адамдар үйлеріне кірмей далада күтті дейді елші. Оның мәліметінше, зілзала Түркияның 13,5 млн халқы бар 10 провинциясына әсер етті. Құрбан болғандар саны 7мың 108-ге жетті. Айтып келмейтін апаттан зардап шеккендердің саны 41 мыңға жуықтады. Елшінің айтуынша, жер сілкінісінің салдарын жою барысында, қаза болғандар саны артып жатыр. Олар құлаған үйінділердің астынан табылуда. Мамандар 72 сағатта құтқару жұмыстарын тездетіп, үйнінділердің астында тірі қалғандарды аман сақтап қалу керек деп дабыл қағуда. 5775 ғимарат қираған. Бүгінде Түркияға әлемнің 75 елі көмек қолын созуға ниет білдірсе, 36 елден ендігі гуманитарлық, құтқару жұмыстары бойынша көмек басталып кетті. Соның ішінде алғашқы болып көмек қолын созған елдердің бірі Қазақстан дейді елші Уфук Екиджи.
УФУК ЕКИДЖИ – ТҮРКИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ «Қазақстан алғашқы болып көңіл білдіріп, ел Президенті жедел хат жолдап, басшымызбен телефон арқылы сөйлесті. Көмек қолын созатынын айтты. Алғашқы сәттен бастап қазақ бауырлар әіртүрлі көмек қолын созып жатыр. Көп рақмет!»
Өздеріңізге мәлім, Түркияға қазақстандықтар көп барады. Демалуға баратындар саны өте көп. Сол елде тұрақтап тұрып жатқандар да баршылық. Қазақстандық студенттерді де бұл елде жиі кездестіресің. Түркия елшісінің айтуынша, қазіргі уақытта төрт қазақстандықтың зардап шеккені белгілі болды.
"Қазір із-түзсіз жоғалған төрт қазақстандық туралы ақпарат бар. Олардың үшеуі Хатай қаласында, біреуі Адана қаласында жоғалып кетті"
Әлеуметтік желіде бұған дейін Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашев Түркиядағы жер сілкінісінен кейін туыстарымен байланысқа шықпай жатқаны хабарланған болатын. Ол жер сілкінісі кезінде Хатай қаласында болған. Түркияда орын алған жойқын жер сілкінісіне байланысты 12 ақпанға дейін жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Тек үкімет тарапынан ғана емес, баурылас елдегі жағдайға қабырғасы қайысқан қазақстандықтар қаржы жинап, қайырымдылық көмек жасап жатыр. Бұл орайда Түркия елшісі алаяқтыққа жол бермеу үшін тек елшілікпен байланысып, ресми мәліметке сүйенуге шақырады.