0:00 / 0:00
Түркия қазақ мұнайына қызығушылық танытып отыр. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Қазақстан делегациясының Түркияға сапары барысында Қазақстан мұнайын Түркия арқылы тасымалдау мәселесі талқыланды. Бауырлас ел біздің мұнайды жеткізуге мүдделі.
Өткен демалыста қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған делегация мемлекеттік сапармен Түркияда болғаны мәлім. Екі ел Президенттері қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, қазақ-түоік ынтымақтастығын одан әрі нығайтатын 15 құжатқа қол қойылды. Келіссөздің нәтижесінде өңдеу және қайта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-транзиттік серіктестікті нығайту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалану мәселелері талқыланды. Оған қоса цифрландыру және озық технологиялар, туризм және білім беру салаларындағы өзара ықпалдастыққа қол жеткізілді. Айтпақшы Қазақстанда Түркияның іргелі техникалық университеттерінің филиалдарын ашу көзделіп отыр. Ал энергетика саласында Түркия қазақ мұнайына қызығушылық танытқан. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, қазақ мұнайын Түркия арқылы тасымалдау мәселесі талқыланды.
Бұл мәселе әзірге талқыланып жатыр. Түркия мұнай жеткізуге ғана емес, кен орындарын игеруге де қызығушылық білдіріп отыр. Каспий құбыр желісі консорциумы, "Транснефть", теміржол арқылы жөнелту, баламалы бағдарлардан бөлек, теңіз тасымалы болуы мүмкін, - дейді бас энергетик. Ал ел арасындағы бұл талқылаулар нәтижесінде келісім –шартқа қол қойылса, қара алтынды Түркияға қалай жеткіземіз?
Осылайша Түркия арқылы тасымалданған мұнай Еуропаға жеткізілуі мүмкін. Қазақ үкіметінің бауырлас ел арқылы мұнай жеткізу жолдарын іздеуіне Каспий құбыр консорциумында орын алған апат себеп болған жоқ па деген сұрақ туады. Себебі, энергетика министрі бұған дейін мұнай тасымалдаудың баламалы жолдарын іздеп жатырмыз деген болатын. Ал жалпы Түрік елімен арадағы сауда –сатттық көлемі 2021 жылы 5 миллиард долларға жеткен. Енді оны 10 миллиард долларға жеткізу мақсаты тұр. Түркия Қазақстан экономикасына 4 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы – 1 миллиард доллардан астам. Соңғы екі жылда Қазақстанда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын айтқан еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға сапарында.