0:00 / 0:00
Бүгін Парламент Сенатының дәстүрлі жалпы отырысына келген журналистер жертөледен бірақ шықты. Себебі, Сенат 15 жыл бойы хабар таратып келген журналистерге арналған баспасөз залын екінші қабаттан нөлінші қабатқа ауыстырып тастаған. Журналистер Парламент Сенатының В қабатындағы аядай бөлмесіне сыймай қалды. Сондай-ақ, жертөледе брифинг өткізетін орынды да әзірлеп қойған. Яғни сенаторлар жалпы отырыстан соң төменгі қабатқа түсіп сұхбат беріп отыратын болады. Әрине бұл журналистерге жасалған қамқор шығар, бірақ өз сұрағымен келген тілшілер қалаған депутатын ұстай алмай қалуы да мүмкін ғой. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев журналистердің бұрынғы баспасөз орталығын қайтару туралы талабын қарастыратынын айтты.
Сенат дәстүрлі жалпы отырысқа келген журналистер қауымын тосын сыймен қарсы алды. Соңғы 15 жыл бойы сенаттың екінші қабатындағы баспасөз орталығынан хабар таратып, бірінші қабатта депутаттар мен министрлерге сұрағын қойып, емін-еркін жұмыс істеп жүрген журналистер енді жертөледе отыратын болды. Сенаттың В қабатынан бұйырған аядай бөлмеде не терезе жоқ. Интернет сапасы нашар. Тар бөлмеге сыймаған тілшілер бұл өзгеріспен келіспей отыр. Сондай-ақ, жертөледе брифинг өткізетін орынды да әзірлеп қойған. Бұл депутаттарды қуып жүріп, сұрақтың астына алатын журналистерге қарсы жасалған қорған дейді әріптестер.
Сенаттың баспасөз қызметі керісінше БАҚ өкілдерінің сұқбат алуына жағдай жасадық, ешбір депутат та, министр де қашпай, төменгі қабатқа түсіп сұрақтарыңызға жауап береді деп сендіреді. Әрине жалпы отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алдын-ала дайындап қойған спикерлері шығып, сұхбат берер. Алайда, редакцияның тапсырмасы бойынша өз сұрағымен келетін тілшілер қалаған депутатын, министрін ұстай алмай қалуы мүмкін ғой. Себебі, бұрын жоғары қабаттан тез жүгіріп түсетін журналистер, енді төменгі қабаттан жеткенше уақыт жоғалтады. Журналистер қауымы палата төрағасынан бұрынғы баспасөз орталығын қайтаруды сұрады.
Бізге бірінші қабатта тұрып сұхбат берген спикер журналистерге бұйырған жаңа баспасөз орталығы жертөледе орналасқанын мойындамады. Ал сенатор Исабаев жертөлеге бірінші рет түсіп тұрғанын айтты.
Айта кетейік, жертөледегі баспасөз орталығының жанында Сенаттың асханасы орналасқан. Депутаттардан сұқбат алып жатқанымызда ыдыс-аяқтың сылдыры естілсе таң қалмаңыз.