0:00 / 0:00
Чехия премьер-министрі Петр Фиаланың елімізге ресми сапары басталды. Қазақ жеріне алғашқы рет келіп жатқан мейманды Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Ақорданың хабарлауынша, бұл кездесуде Қазақстан мен Чехия елдері арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды. Айта кету керек, Чехия үкіметінің басшысы біздің елге үлкен бизнес-делегациясымен келді. Ақордада өткен кездесуден толығырақ Әселім Қалкен баяндайды.
Бұл Чехия премьер-министрі Петр Фиаланың елімізге алғашқы ресми сапары болып табылады. Құрметті мейманды Ақордада қабылдаған қазақ басшысы, чех инвесторларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Ақорданың хабарлауынша, кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, соның ішінде көлік-логистика саласын нығайту перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің астаналары арасында тікелей әуе қатынасы ашылатынына сенім білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ «Астана мен Прага арасында тікелей әуе қатынасын ашамыз деп сенеміз. Чехия Республикасынан энергетика, машина жасау, көлік, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина өнеркәсібі және фармацевтика секілді экономиканың түрлі салаларына құйылатын инвестицияны құптаймын».
Ал чех үкіметінің басшысы Петр Фиала арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін растады.
ПЕТР ФИАЛА – ЧЕХИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ " Осы кездесуіміз белсенді байланыстарға тың серпін береді деп үміттенемін. Қазақстан – біз үшін өте маңызды серіктес. Чехиялық «Skoda Transportation» компаниясы Қазақстанға тау-кен өндіру және металлургия салаларына қажетті ауыр техника ұсынуға ниетті. Сондай-ақ, EPA және басқалары сияқты компаниялар бар. Олар кеңес дәуірінен қалған ескі техникалардың орнына озық техникалар мен жүйелерді беруге дайын»
Біздің елге үлкен бизнес-делегациясымен келген чех премьері, екі елдің кәсіпкерлері бас қосқан. бизнес форумға да қатысты.