0:00 / 0:00
Қазақстанда тегін ем алу мүмкін бе? 2019 жылдан бастап елімізде Міндетті медициналық сақтандыру туралы заңға өзгеріс енді. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмыскер үшін оның табысының 3% мөлшерінде Медициналық сақтандыру қорына жарна аударады. Бұл жарнаға адам ауырып қалған жағдайда мемлекеттік медициналық мекемелерде тегін ем алады. Алайда, сол тегін емнің өзі қазақстандықтарға қаншалықты қол жетімді болып тұр? МӘМС аясында неге дау көп? Мүгедек балаларды тегін емдеу қалай жүргізіледі? Толығырақ тілші репортажынан
Елде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі тегін ем алуға қатысты дау тыялар емес. Себебі, Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмыскер үшін оның табысының 3% мөлшерінде жарна аударады. Ал қызметкерлер табысының 2 пайызын міндетті медициналық сақтандыру қорына аударады. Жеке кәсіпкерлер 4 900 теңге төлейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 3450 теңгені аударады. Бұл ай сайынғы төлем. Алайда, табысының бір бөлігін осы қорға аударып отырған қазақстандықтар сапалы, толыққанды медициналық көмек алып жатқан жоқпыз дейді. Мемлекеттік емханаға барып керек дәрігерге жазылсаңыз, оны апталап күтуге тура келеді. Жаны ауырған адам ақылы емханаға жүгініп те жатады. Ол жердегі баға шарықтап тұр. Бір дәрігердің қабылдауы кем дегенде 10 мың теңгені құрайды. Тіпті, бармаған дәрігеріне қаралды деген жалған ақпараттар да бар. Медициналық көмектердің бәрі бірдей тегін емес. Мұны медициналық мекемелер есеп беру үшін жасап отыр ма? Вице-премьердің өзі МӘМС төңірегінде былықтардың барын айтады.
Мемлекет есебінен 2020 жылдан бастап халықтың 13 санаты үшін жарна аударылады. Олар: балалар, зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көпбалалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала күтіміне байланысты демалыстағы аналар, мүгедектер және мүгедек балаларға күтім жасайтын адамдар, тіркелген жұмыссыздар, жұмыс істемейтін оралмандар, студенттер, интернат тәрбиеленушілері, тергеу изоляторларындағылар мен түрмеде жазасын өтеушілер. Өкінішке орай мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар үшін баласын оңалтуға қажетті медициналық көмектің бәрі бірдей тегін емес. Қалтасы қалыңдар шетел асып емделіп жатса, ақшасы жоқтар тегін бірақ пайдасы жоқ емді алуға мәжбүр.
Медициналық сақтандыру қорына келіп түскен қаржы, емдеу мекемелері көрсеткен медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Ал халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы Қор бақылауында.