0:00 / 0:00
Қазақстан Президенті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес отырысын өткізіп, елдегі емі табылмай қойған жемқорлықпен күрес жүйесі өзгеретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барлық бағытын түбегейлі қайта қарауды. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлық деректері бойынша берген өтініштері негізінде жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін ұсынды.
Мемлекет басшысы кеңестегі сөзін ауыл шаруашылығындағы былықтан бастады. Ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректері үшін министрлік пен әкімдер жауап беретінін айтты. Президенттің мәліметінше, соңғы бес жылда мемлекет аграрийлерді қолдау үшін қазынадан екі триллион теңге бөлінді. Осы уақыт ішінде салада 960 қылмыстық іс тіркеліп,450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Өкінішке орай ауыл шаруашылық саласындағы жемқорлықтың тамыры тереңге кеткен. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмай қалды дейді Президент. Сондай-ақ, былтыр бағаның негізсіз өсуіне темір жол саласындағы жемқорлық себеп болғанын айтты. Кәсіпкерлердің нақты бір нысанға апаратын теміржолды пайдаланғаны үшін төлейтін ақысы екі есеге өскен.
Тоқаев кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлықпен күресуге баса мән беру керектігін еске салды. Енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытын түбегейлі қайта қарау қажет. Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек-деді Президент. Ал министрлер мен әкімдердің жұмысы жемқорлықпен күресі арқылы бағаланбақ.
Кеден саласындағы проблемаларға да тоқталды. Ондағы көлеңкелі айналымның ауқымы орасан зор.Электронды декларация және тәуекелдерді басқару жүйесін енгізіп, түрлі ақпараттық базаларды біріктіріп жатыр. Құқық қорғау органдары кеденнің төңірегіндегі қылмыстық топтарды анықтап, тергеу жүргізуде. Алайда нәтиже жоқ дейді мемлекет басшысы
Сот жұмысына да шағым көп. Соңғы үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды, лауазымы төмендетілді. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен.