0:00 / 0:00
Судың да сұрауы бар. Әлем болып су тапшылығын шешуге кіріскен. Ал Қазақстанда судың қадірін түсініп жатқан жоқ. Тұтынушылар тарапынан суды үнемдеу мәдениеті қалыптаспаған. Ал сумен қамтуға бөлінген қомақты қаражат дұрыс игерілмей жатыр. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасының айтуынша, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкі 2017 жылдан бері Қазсушардың 61 жобасын 317 миллион долларға қаржыландырып жатыр. Алайда, кәсіпорын бұл қаржыны толық иегрмеген.
НАТАЛЬЯ ГОДУНОВА – ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ «Аудит жүргізу барысында бес жыл ішінде тек 18 жоба тапсырылғаны анықталды, 37 жоба іске асыру кезеңінде, ал 6 жоба бойынша жұмыс әлі басталмаған. Себебі сол баяғы – сапасыз жобалау және жауапсыз мердігерлер. Жобаларды іске асыру мерзімдерін кешіктіру Қазсушар шотында 6,5 миллиард теңгенің жинақталуына әкелді. Бюджет оларды резервтеу үшін қосымша 1,7 миллиард теңге төледі»
Бұл аздай Еуропалық қайта құру және даму банкінің қарыздары бойынша сегіз жоба аясында 3 млрд теңгеден астам сомаға сатып алынған жабдықтар мен салынған инфрақұрылым мақсаты бойынша пайдаланылмай отыр. Салдарынан жоспарланған 4 мың гектарға жуық суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілмеген дейді Годунова. Аудиторлық палат әшкерлеген былықтар бұл салада жетерлік. Сондай-ақ, Қазсушаруашылығында білікті маман жоқтың қасы. Ал депутаттар болса, жылдар бойы сапалы ауыз сумен қамтуға бөлінген 1,5 триллон теңге толық игерілмей отыр деп шулады.
Шалғайдағы ауылдарды айтпағанда, Астанаға тіреліп тұрған елдімекендердің тұрғындары ауыз суды қаладан тасып ішіп жатыр.
Өз алдына жеке отау болып шыққанына көп болмаған Су ресурстары министрі болса депутаттардың дегенімен келіспейді. Ол ауыз сумен қамту мәселесі 98 пайызға шешіліп қойған дейді.
Сондай-ақ министр шаруалар қолданатын ағын суға тарифті 1 теңгеге көтермек. Соның есебінен Қазсушаруашылығы кәсіпорны қызметкерлерінің жалақысын 25 пайызға өсірмін деп отыр.
Бүгінде бұл мекеме қызметкерлерінің айлығы 170 мың теңге көлемінде. Алдағы бес жылда олардың орташа жалақысы бар-жоғы 211 мың теңгеге өспек. Депутаттардың айтуынша, жалақының төмендігінен елдегі су мәселесін шешумен айналысатын мекемеде кадр тапшы.