0:00 / 0:00
Су мәселесі өзекті болып тұр. Қазір ауыз су түгілі, ағын суды үнемдеу керек деп дабыл қағуда мамандар. БҰҰ ұсынған мәліметке сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы орын алады. Президенттің өзі 2050 жылға қарай тіпті «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруіміз мүмкін деген еді. Бүгінде елде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру. Елорадның өзінде су тапшылығы сезіле бастаған мәлім. БҰҰ мәліметінше, бүгінде 2,2 миллиард адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан суды ең көп тұтынатын елдер қатарына кіреді. Тіпті ауыз суды ысырап қылып көлік жууға пайдаланып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы іс сапарында осы мәселені көтеріп, оған жол бермеуді айтқан еді. Әдетте Президент айтқан соң қозғалатын шенеуніктер енді автокөлік жуу орындары мен моншаларды суды қайта тазарту механизімін енгізуге мәжбүрлемек.
Үкімет отырысында 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Министр бұл құжат су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді дейді. Бүгінде 1,9 млн гектар суармалы жерлердің тек 16 пайызында су үнемдеу технологиясын қолданылады. Қазіргі жағдайда бұл өте тиімсіз. Енді үкімет фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығыстарды субсидияламақшы.
Сондай-ақ трансшекаралық суды пайдалануда көршілерге тәуелді болып отырғанымыз тағы бар. Министр Нұржігітовтің мәліметінше, Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық өзендер.