0:00 / 0:00
Мәжіліске келген вице-премьер, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа тілшілер жақында сотталған Қайрат Боранбаевтың Алматыдағы жер телімі мен есепшотындағы миллиондаған доллардың қайда жіберілетіні туралы сұрақ қойған еді. Өздеріңізге мәлім, өткен айда Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша апелляциялық алқа шешім шығарған болатын. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейін сотты болған кәсіпкер Боранбаев 300 миллион долларды мемлекетке қайтарғаны туралы ақпарат шыққанды. Әзірге қайтарылған мүліктің қайда, қалай жұмсалып жатқанын ақпарат жоқ.
ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚАРЖЫ МИНИСТРІ " Заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң қабылданды. Біз жақында арнайы компания құрдық, олар қадағалайтын болады. Қажет болса, не басқармаға береміз, не ақшаны арнайы есепшотқа аударып жүзеге асырамыз. Егер бұл әрекет осы заңның қолданылу аясына жатпайтын болса, онда процессуалдық шешім бар. Кейін мемлекеттік меншікке беріледі. Оларды жүзеге асырамыз немесе мемлекеттік басқаруға береміз"
Сондай-ақ, бас қаржыгер капиталды қайтару туралы заң аясындағы қаражат әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге жұмсалатынын айтты. Комиссияның шешімі де ашық. Аудиторлық палата тексере алады. Бұл ақшаның елге қайтарылып, қажетіне жарағаны маңызды деді. Әзірге қайтарылған заңсыз аквтитердің қорын кім басқаратыны белгісіз. Ал депутат Ермұрат Бәпи үш ай бұрын асығыс қабылданған шетелге заңсыз кеткен автиктерді қайтару туралы заң әлі жұмыс істемей отыр деп сынады үкіметті. Мәжілісменнің пікірінше, бұған заңсыз капиталдың елге оралғанын қаламайтындар кедергі жасап отыр.
Еске сала кетейік, шетел асқан заңсыз активтерді қайтару ісімен Бас прокуратура жанынан құрылған орган айналысады деген ақпарат болғанды. Тиісті заңның әзірленуін, оны қабылдау жұмыстарын басқарған бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов кеше ғана қызметінен кетті. Ал Қазақстаннан қанша қаржы заңсыз шығарылғаны туралы ақпарат әрқилы. Халықаралық рейтингте капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарында тұрмыз. Депутаттар ұсынған мәліметте соңғы отыз жылда елден 200 млрдтай АҚШ доллары сыртқа шығарылған. Бас прокуратураның мамыр айындағы ақпарында мемлекетке 760 миллиард теңгеден аса активтер қайтарылған, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан қайтарылғаны 575 миллион долларды құрайды.