0:00 / 0:00
Орталық сайлау комиссиясы 19 наурызда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлаудың түпкілікті қорытындысын жариялады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Amanat партиясы – сайлаушылардың 53,90 пайыз, Ауыл партиясы - 10,90 пайыз дауысын жинаса, Respublica партиясы - 8,59 пайыз, Қазақстан халық партиясы - 6,8 пайыз дауысқа ие болды. "Ақ жол" партиясы - 8,41 пайыз, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы - 5,2 пайыз халықтың дауысына қол жеткізді. Ал "Байтақ" жасылдар партиясына сайлаушылардың 2,30 пайызы ғана дауыс берген. Сөйтіп, Байтаққа Мәжілісте орын бұйырмай қалды. Ал сайлауда «бәріне қарсымын» деп 248 мың 291 адам дауыс берген. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясын шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Яғни алдағы сәрсенбі 29-шы наурыз күні су жаңа мәжіліс жұмысын бастайды.
Орталық сайлау комисиссиясының нақты қортындысы өткен аптада жариялаған алдын-ала қортындыдан алшақтаған жоқ. Енді Мәжілісте бұған дейінгідей үш емес, алты саяси партия отыратын болды. Парламент Мәжілісіне өткен саяси партиялардың әрқайсысына қанша мандаттан бұйырды? Amanat партиясы басым дауысты иеленді.
Еске сала кетейік, бұл сайлаудағы басты жаңалық-бір мандатты депутаттыққа таласуға мүмкіндік берілді. Мәжілістегі 98 депутаттың 29-ы бір мандатты депутат болып табылады. Сайлау додасында жеңіске жеткендердің де тізімі мәлім болды. Олардың тізімін Дәулет Тұрлыханов, Еділ Жаңбыршин, Дәулет Мұқаев, Абзал Құспан, Нұртай Сәбильянов, Ермұрат Бәпи сияқты танымал азаматтар бастап тұр. Ал Мәжіліске бір мандатпен өткен 29 депутаттың да басым бөлігі Аманаттың мүшелері.
Осы додада жеңіске жеткен саяси партиялар сайлау нәтижесіне разы. Бұған дейін Мәжілістегі үш партияның арасында екінші орында келген «Ақ жол» позициясын Ауылға беріп қойды. Дегенмен ақжолдықтар алты мандатпен аз болсақ та, өз ұстанымызда тұрамыз деп отыр.
Ал ауылдықтар 20 жыл аңсап күткен арманына жетіп, шүкір деп отыр.
Аламан бәйгеде алдына жан салмаған аманаттықтар партиялық тізіммен де, бір мандатпен де басымдық танытып, 62 депутатымен Мәжілістің төріне шықты. Олар үшін бұл көп емес.
Осымен сайлау дүрбелеңіне нүкте қойылды. Әрине кемшіліктер де жоқ емес. Сайлау күні бұзушылықтардың болғанын билік те, ел де көріп отыр. Ол жайында келесі материалда толығырақ айтамыз.