0:00 / 0:00
Бүгіннен бастап республика бойынша пиротехниканы сатушылардың әрекеті қатаң бақылауға алынып жатыр. Полиция сауда орындарын аралап, пиротехникалық бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану мен тасымалдау тәртібін тексеруді бастап кетті. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандармен пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде жарақат алудың профилактикасына да басымдық беріліп отыр. Тіпті мектептерде оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Өкінішке орай жылда жаңа жыл түнінде пиротехниканы қолданғанда ережені дұрыс сақтамағандықтан қайғылы оқиғалар орын алып жатады.
Полицейлер пиротехниканы тек мамандандырылған дүкендер мен сауда орындарынан ғана сатып алған жөн деп отыр. Сондай-ақ, отшашуды алғанда сатушыдан өнімге сәйкестік сертификатын талап ету керек. Ол болмаған жағдайда алмаған жөн. Әсіресе бұйымның сыртқы қаптамасының дұрыстығына және сақтау мерзіміне міндетті түрде назар аудару қажет. Егер тауар мерзімі өтіп кетсе, оны пайдалануға болмайды. Сондай-ақ, полиция жаңа жыл мерекесі кезінде отшашуды кез-келген жерде атуға тиым салады. Отшашуды құрылыс нысандарынан кем дегенде 50 метр шалғай жерде ату керек. Сосын ағаштың түбінде, я болмаса, электр желілердің астында және тез тұтанатын заттардың маңайында қолдануға тыйым салынған. Бұл ережені сақтамағандарға айыппұл салынады.
Онымен қоса адамдардың қалыпты демалысы мен тыныштығын бұзғаны үшін әкімшілік жаза да бар. Жұмыс күндері сағат кешкі 22:00-ден таңғы 9-ға дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат түнгі 23:00-ден таңғы 10-ға дейін тыныштықты сақтау керек. Осы талапты бұзғандарға да айыппұл коммерциялық емес ұйымдарға – 69 мың теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 103 500 теңге, ал ірі кәсіпкерлікке - 345 мың теңге көлемінде айыппұл бекітілген. Жаңа жылда айыппұл төлеп қалтаңыз қағылмасын десеңіз, пиротехниканы қолдану ережесін сақтаған жөн болады.