0:00 / 0:00
Абай облысындағы орман өртіне байланысты министрлер мен әкімдерден жауап алынады. Бұл жайында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев журналистерге берген сұқбатында айтты. Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі "Екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны мәлім. Прокурор қайғылы жағдайға байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша барлық нұсқаны қарастырып жатырмыз деді. Орман қорын сату үшін қасақана өртеу, отты абайсыз қолдану, яғни адами фактор болуы мүмкін және табиғи сипаттағы себептер, мысалы найзағай тиіп өртенуі мүмкін сияқты нұсқалар қаралады. Өздеріңізге мәлім, Семей орманының өрті әлі де тоқтаған жоқ. Неге Қазақстан шетелден көмек сұрамай жатыр? Бұл сұраққа Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жауап қатты.
Ендігі алтыншы күн Семей жеріндегі ну орманың өрті тоқтайтын емес. . Абай облысындағы орман өрті 8 маусымда басталды. Тілсіз жаумен күрес әлі жалғасып жатыр. Өрт салдарынан 14 орманшы қаза тапты. Күні кеше тағы бір ауыл тұрғынының мәйіті табылды.Бас прокуратура орман өрті туралы іс бойынша үш нұсқаны қарастырып жатыр. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, Орман қорын сату үшін қасақана өртеу, абайсыз да өрт болуы немесе найзағай тиіп өрт орын алуы мүмкін дейді прокурор. Ал қозғалған қылмыстық іс бойынша, облыс әкімі де, экология және төтенше жағдай министрлері де тергелетін болады. Соның ішінде Абайда орман өрті жалындап жатқанда, орынбасары жібере салып, салғырттық танытқан экс-министр Юрий Ильин де жауапқа тартылуы мүмкін. Ең бастысы құзырлы орган саралау жұмысын жүргізіп жатқанда, жауаптан қаншқан экс-министр шетел асып кетпесіне кім кепіл?
Ал күні кеше тракторшы Сергей Архиповтың мәйіті табылды. Алайда, марқұм Семей орманындағы өрттен қаза болғандардың тізіміне енгізілмейді.
Еске сала кетейік, орман өртінде құрбан болған марқұмдардың отбасына қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Бір аптаға жуық өрт сөндірушілеріміздің орман өртін өшіре алмай жатыр. Ал ел үкіметі сырттан көмек сұрамай отыр. Ал депутаттардың өздері көріп келгендей, өрт сөндірушілердің техникасы әбден тозған. Орман өртін жоғарыдан су шашып сөндіріп жатқан тік ұшақтардың да күші жетпей жатқан сияқты.
Бүгінде жалпы отырыста Мәжілістің 98 депутаты қол қойған сауал Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолданды. Онда депутаттар өртті ауыздықтауда салғырттық танытқан құзырлы органдарды сынады. Үкіметтің бұған дейін де орман шарушалығына қатысты сын-ескерпелерді назарға алмағаны айтылды.
Сондай-ақ, мәжіліс үкіметтен төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамының санын арттыруды, арнайы өртке қарсы техникамен және жүріп өту мүмкіндігі жоғары техникамен жабдықтауды, «Қазавиақұтқару» АҚ авиапаркін жаңарту және ұлғайтуды талап етті.