0:00 / 0:00
Мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысы өсті. Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанованың айтуынша, оқытушы құрамның айлығы 75 пайызға артып отыр.
Елімізде мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 10 оқу орны бар. Оның ішінде ұлттық мәртебесі бар төрт жоғары оқу орны білім беріп жатыр. Қазір осы 10 оқу орнында шамамен 10 мыңға жуық адам білім алады. 5 мыңнан астамы жоғары оқу орнында, қалғандары колледждерде тәлім алуда. Мәдениет саласының мамандары өнер жолын таңдаған жастарға грант беру көлемі де артты дейді. Өнер саласына 2365 білім гранты бөлініп отыр. Сондай-ақ оқытушы құрамның жалақысы 75 пайызға өсті.
Еске сала кетейік, 2014 жылдан бері өнер мен спорт саласындағы оқу орындары Мәдениет министрлігінің қарамағына өткен болатын. Енді оқытушылардың материалдық жағдайын жақсарта отырып мәдениет саласы дамиды деген сенімде шенеуніктер. Әзірге шығармашылық жоғарғы оқу орындары ұстаздарының жалақысы өсіп отыр. Айта кету керек, жалпы еліміздегі университет оқытушылардың айлығы мектеп мұғалімдерінен әлдеқайда төмен.