0:00 / 0:00
Кеншілер мекені - Қарағанды өңірінде қаралы сенбідегі апаттан қаза болғандар саны 45-ке жетті. Бір кеншіні іздеу жалғасып жатқанды. Кейбір ақпарат көздері 46-ы кеншінің де мәйіті табылғанын хабарлауда. Бірақ Төтенше жағдайлар министрлігі әзірге бұл ақпаратты растап отырған жоқ. Жер астында қалған кеншілерді іздестіру жұмыстары бір-бірінен шамамен 6 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесі ауданында жүргізілуде деп хабарлайды министрлік. Бұл «АрселорМиттал Теміртау" компаниясының шахталарындағы ең ірі апат болып отыр. Соңғы 15 жылда Митталдың шахталарындағы апаттан 194 кенші қаза болды. Апат орын алған күні Қарағанды облысына барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айта отырып, «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды деді. Сондай-ақ, Тоқаев компаниямен Қазақстанның жұмысы тоқтатылып, мемлекеттің басқаруына өтетінін айтты.
Апатта зардап шеккендердің отбасыларына мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетіледі. «АрселорМиттал Теміртау" компаниясы тарапынан да өтемақы беріліп, марқұмдардың отбасыларына пәтер сатып әпереді.
Қайғылы оқиғаға қатысты 29 қазанда қазақ елі қара жамылып, Жалпыұлттық аза тұту күні болды. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тиісті шара қабылдау үшін үкімет жанынан комиссия құрылды. Кісі өліміне қылмыстық іс қозғалды. Қаза болған шахтерлердің өліміне кім жауап береді деген сұрақ туындайды. Қазақстан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығын жауапқа тарта ала ма?
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің шахталарының жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазір компанияны Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин басқарып бастады. Ол меншік иесінің ауысуы қызметкерлер алдындағы міндеттемелерге еш әсер етпейді. Төлем шарттары, әлеуметтік кепілдіктер сақталады. Шахталарда бірінші кезекте еңбек қауіпсіздігін арттыруға назар аударылады деп мәлімдеді. Бүгін қара жамылған қарағандылықтар қаза болған кеншілердің жаназасын шығару рәсіміне қатысты. Жер астында өлім құшқан бірқатар шахтердің денесі жер қойнауына тапсырылды. Өкінішке орай, жер үстіне шығарылған мәйіттерді кейбірін тану мүмкін болмай жатқандықтан олардың туғандарынан ДНҚ алынып жатыр. Лакшми Миттал мен оның акционерлері 15 жылдан аса қазақ жерінде пайдасын тауып жатыр. Компанияның бір күндік табысы 1 миллион долларды құрайды деген дерек бар. Finance.kz телеграм арнасындағы мәліметке сүйенсек, компания менеджері Палаватху Кришнан Наир Биджуға 2021 жылы 375,9 миллион теңге немесе айына 31,3 миллион теңге немесе күніне 1,01 миллион теңге төлеген. 2022 жылдың тамызындағы мәліметте, АрселорМиттал 2021 жылы 215 миллиард теңге таза пайда тапқан.