0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысында мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділовтың хабарлауынша, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында батыс қазақстандық кәсіпорында 2022 жылдың шілде айынан бастап Қазақстан мұнай өңдеу зауытының өндірістік төлқұжаты болмағаны мәлім болды. Рұқсат құжаты болмаса да мұнай өнімдерін заңсыз өндіруді, сақтауды, өңдеуді және тасымалдауды жалғастырып келген.
Жыл басынан бері елімізде 4 миллиард теңгеге мұнайдың заңсыз айналымы бойынша 35 қылмыстық іс тіркелді. Қаржылық мониторинг агенттігі қазір мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша, Қазақстаннан сыртқа заңсыз шығарылып жатқан мұнай өнімдеріне қатысты деректерді анықтауда. Өздеріңізге мәлім, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шілдедегі үкіметтің кеңейтілген отырысында жылдар бойы мұнай өнімдерін жақын мемлекеттерге заңсыз шығару схемасы жүргізіліп отырғанын, бұл ел ішінде жанар-жағар май тапшылығын тудырғанын айтқан болатын. Агенттіктің хабарлауынша Батыс Қазақстан облысында қомақты көлемде мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы анықталып, жолы кесілді.
Тіпті кәсіпорынның мұнай өңдеу зауытының өндірістік төлқұжаты болмаған. Сөйте тұра мұнайды өндіру, сату әрекеттерін жалғастыра берген.
Аталған факт бойынша тергеу жүргізілуде. Өзге мәліметтер жария етілмейді деп отыр агенттік өкілі. Мұндай деректер бұған дейін Жамбыл өңірінде де тіркелген еді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Жамбыл облысында Қырғызстанға АИ-92 бензині құйылған 5 теміржол цистернасын заңсыз өткізбекші болған факті анықталды. Тәркіленген жанар-жағармайдың құны 60 миллион теңгені құрайды. Ал Пауладар облысында көрші Ресейге жанар-жағармай құйылған 4 теміржол цистернасы өткізілмекші болған. Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты тіркеліп жатқан әрекеттер мұнымен тыйылса игі.