0:00 / 0:00
Ақжолдықтар үкіметтен «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауды талап етті. Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында депутат Қазыбек Иса Конституциядағы 7-ші бапты өзгертіп, Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде жеке дара статусын айқындау керек екенін айтты. Сондай-ақ, геосаяси жағдайларға байланысты біздің елге басқа елдерден қоныс аударушылар Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен ел тарихынан емтихан тапсыруы тиіс деген ұсынысын алға тартты.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында күн тәртібінен түспеген мәселенің бірі-мемлекеттік тіл. Қазақстанда әлі күнге дейін мемлекеттік тіл туралы жеке дара заң жоқ. Ата заңымызда қазақ тілі-мемлекеттік тіл, мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады делінген. Мемлекеттік органды басқарып отырған министрлердің ішінде ана тілінде сөйлей алмайтындар баршылық. Шынын айтқанда қазақша сөйлейтін шенеунікті көргенде қуанатын жағдайға жеттік. «Ақжол» партиясының Парламенттегі фракциясы үкіметтен «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауды талап етіп отыр. Депутат Қазыбек Иса премьер-министрге осындай ұсыныспен шықты. Оның айтуынша, «Мемлекетік тілдің тәуелсіздігі Ата заңда айқын көрінсін!» атты ел президентіне жазылған Ашық хатқа 126 мың 200 аса адам қол қойған. Тек қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де осы ұсынысты қолдап отыр дейді ол.
Депутаттың айтуынша, салық төлеу қандай міндет болса, мемлекеттік тілді білу де сондай міндет болуы тиіс. Ал екі тілге бірдей жағдай жасау керек деген – екіжүзділік дейді Қазыбек Иса. Бұл орайда ақжолдықтар үкіметке бірнеше ұсынысын жолдады. Ұлттық идеологиямыздың концепциясын тез арада заңды түрде бекіту қажет. Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдап, Конституциядағы тіл туралы бапқа өзгеріс енгізіп, Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде жеке дара статусын айқындау керек. Бұл орайда депутаттар елімізге келіп, азаматтық алып жатқан шетелдіктер де қазақ тілін үйренуі тиіс дейді.
Айта кетейік, Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс салдарынан біздің елге келіп жатқан шетелдіктер саны күрт артты. Тек ғана Ресейден ақпан-сәуір айлары арасында 130 мың азамат келген.