0:00 / 0:00
2024-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру үшін 1,5 трлн. теңге жұмсалады. Оның 1,3 трлн теңгесі бюджеттен тыс қаражат екен. Цифрлық даму министрі 10 мектепке Starlink спутниктік интернетін қосып, оның қалай жұмыс істейтіндігін сынап көрдік дейді. Алайда, әу бас жоспарлағандай осы жылдың соңына дейін 2 мың мектепті қосып үлгермейді. Мусин бұл жоспарды келесі жылға шегеріп отыр. Себебі интернет қосуға арналған жабдықтар елімізге әлі жеткізілмеген.
БАҒДАТ МУСИН – ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ «Біз 10 мектепті Starlink спутниктік интернетіне қосып, оның қалай жұмыс істейтіндігін көрдік. Осы жылда 2 аптада жеткізу және оларды орнату бойынша келісімшарт жасадық. Наурыз айының соңына дейін 2 мың мектеп қосылады. Жыл соңына дейін үлгермейміз. Себебі жабдықтар Америкадан жеткізіледі. Қазір олар жолда келе жатыр. Олар жеткізілгеннен кейін кедендік тазартудан, сертификаттаудан өтеді. Содан кейін барып оларды мектептерге орнатуға жібереміз».
Цифрлық даму министрінің жоспары іске асса, келесі жылдың көктемінде еліміздегі шалғайда орналасқан 2 мың ауылды интернетпен қамтамасыз етпек. Илон Маск компаниясы тек мектептермен ғана емес, өзге де салаларды Starlink желісімен қамтуға дайын. Қазақстандықтар Масктің интернетіне баға беріп те үлгерді. Бірақ интернет құны тым жоғары екен. Сондай-ақ, министрлік 250 жуық ауылға кең жолақты интернет тартуды жоспарлап отыр. Өкінішке орай, қазақстандықтар ауылды айтпағанда қаладағы интернет, ұялы байланыс сапасына жиі шағымданады.