0:00 / 0:00
Мәжіліс таратылуы мүмкін бе? Шетелге заңсыз жылыстатылған қаражаттың ішінде Назарбаев отбасына қатысы бар болса, қалай қайтарамыз? Экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге не үшін барды? Осы және өзге де сұрақтарға Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов жауап берді.
Сәрсенбідегі жалпы отырыстан соң, тілшілердің күткені Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов болды. Спикерге сұрақ қарша жауды. Президент ұсынған саяси реформаларды жүзеге асыру үшін Ата заңға өзгеріс енгізіп алдық. Енді жаңартылған Конституция негізінде тиісті заңдарды қайта қарап, түзетулер енгізу керек. Бұл жұмысты Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылымы соңына дейін отырып тындыра ма, әлде палата таратылып, сайлау өте ме? Бұл сұрақ қазір қоғам назарында. Мәжіліс төрағасы бәрі де мүмкін дейді.
Бүгін ғана Мәжілісте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға жол бермейтін заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, сенаттың қарауына жіберілді. Ал бұған дейін елден заңсыз шығарылған қаражатты кері қайтару бойынша Президенттің тапсырмасымен комиссия құрылып, жұмыс бастап кетті. Қазақстаннан қанша қаражат жылыстатылғаны туралы ақпарат әртүрлі. Қазақстан халқы партиясының депутаттары 147 млрд доллар сыртқа заңсыз кетті деген мәліметті атаса, Ақжолдықтар 167 млрд доллар шетел асты деп отыр. Ал осы заңсыз кеткен қаражаттың ішінде экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына қатысы бар қаржы елге қайтарыла ма деген сұрақ қойылды Мәжіліс төрағасына. Қошанов мырза шетел асқан капиталды кері қайтаруда комиссияның жұмысы өз нәтижесін береді деген сенімде. Оңайға шаруа емес- дейді ол.
Өздеріңізге мәлім, екі күн бұрын Тұңғыш Президент Назарбаев Мәскеуге барып, Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Бүгінде биліктен толығымен кеткен, бұған дейін айтылғандай ел саясатына араласпайтын Назарбаев Мәскеуге не үшін барды деген сұрақ туындады.
Ал елбасының баспасөз қызметі Назарбаев Мәскеуге Путинді Ресей күнімен құттықтауға барғанын хабарлады. Нұрсұлтан Назарбаевтың көрші елге сапарының еліміздің сыртқа саясатына қатысы бар ма деген сұраққа бас дипломат та мардымды жауап айта алмады.
Мәжіліс спикері, әйелдердің зейнет жасын 58-ге дейін төмендету туралы сұраққа да жауап берді. Ерлан Қошанов бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Бүгінгі таңда мұндай ұсыныстар жиі айтылып жатыр. Өңірлерге барған кезде де осы мәселе көтерілді. Үкімет тиісті жұмыс істеп жатыр. Жеке пікірім, менің қолымда болса, әрине, қысқартуға тырысатын едім, - деді.