0:00 / 0:00
Ақорда екінші күн қатарынан қонақ күтіп жатыр. Бүгінгі қонақ иесі – елімізге ресми сапармен келген Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан. Әдеттегідей қонақ келгенде төселетін көк кілем де болды, саланатты түрдегі қарсы алу рәсімі жасалып, екі елдің әнұраны ойналды. Одан әрі Тоқаев пен Орбан шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөз өткізді. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Энергетика саласындағы байланыстар сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан халқының қазақ елі үшін бөтен емес екендігін тағы еске салды.
Бұл Орбан мырзаның Қазақстанға ресми сапармен үш рет келуі. Ол ертең Астанада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысады. Мажарстан бұл ұйымға бақылаушы ретінде кірген. Өз кезегінде Мажарстан басшысы атажұртқа оралғанда керемет әсерде боламын деді.
ВИКТОР ОРБАН – МАЖАРСТАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ «Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өкінішке орай, коронвирус падемиясы кезінде байланыс тежеліп қалды. Осы сапарымызда өзара ынтымақтастығымызға тың серпін беруге күш саламыз деп ойлаймын. Экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор»
Екі ел басшылары кездесуден соң бірлескен мәлімдеме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мажарстанға құны шамамен 700 млн доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алатынын атап өтті. Энергетика, металлургия, машина жасау, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар деді Президент. Ал инвестициялық серіктестік аясында Батыс Қазақстан облысындағы Рожков газ кеніші жыл соңына дейін іске қосылады. Мемлекет басшысының айтуныша, онда Мажарстанның MOL мұнай-газ компаниясының үлесі 192 млн доллар болмақ. Сондай-ақ, Мажарстанның Globalia компаниясы Қазақстанның бірнеше өңірінде күн электр стансаларын салатын болды. Жоба құны - 150 млн долларды құрайды. Бауырлас елге балық экспортын арттыру көзделіп отыр
Сондай-ақ, үкімет Мажарстанға мал шаруашылығы өнімі экспортын арттыруды да көздеп отыр. Серік Жұманғарин кеше ғана келіп кеткен француздармен жылқы етін экспорттау жайлы әңгіме болды дейді. Франция президенті Эмманюэль Макронның елімізге сапарында шетелдік делегация қазақтың жылқы етін жеп көріп, ұнап қалғанға ұқсайды. Вице-премьердің айтуынша олар етті тамсана жеп, енді Францияға жылқы етін тасымалдау көлемін арттыру көзделіп отыр.