0:00 / 0:00
Парламент Мәжілісі майнинг пен криптобиржаларға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл депутаттардың бастамасымен қолға алынған жоба. Енді заңмен майнерлерге лицензия беру тәртібі енгізіледі. Олар Қазақстанда ресми түрде тіркелуге міндетті болады. Осылайша елдегі сұр майнерлердің жолын кесеміз дейді депутаттар. Майнерлер заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық салынатын субъектіге айналады. Майнинг-пулдар да экономиканың бір бөлігі болмақ. Себебі майнерлердің заңсыз әрекетінен қыруар қаржы экономикамызды айналып өтіп жатыр.
Осы заң жобасына сәйкес, майнерлерге лицензияны цифрлық даму министрлігі береді деген жоспар бар. Ал криптобиржалар Халықаралық қаржы орталығында орналасады. Бірақ Қазақстанда криптовалютамен төлем жасауға тыйым салынған. Криптобиржалар қаржы орталығының аясында ғана жұмыс істейді. Ал майнерлер табыстың 75 процентін отандық криптобиржаларда айырбастауға міндеттеледі. Бұл талап 2024 жылдан бастап енгізілмек. Сондай-ақ мәжілісмендер салықтан бөлек майнерлердің сыйақысына қосарланған құн салығы, майнинг пулдың табыс салығы, сондай-ақ криптобиржадағы операциялар үшін төлем алу қажет дейді. Қазақстанда заңды, заңсыз әрекет етіп жатқан 150 майнер бар екен.
Депутаттардың мәліметінше, халықаралық криптобиржаларда бір миллионнан астам Қазақстан азаматы тіркелген. Барлығы криптовалютаны саудалайды. Оны сұр схемалар арқылы айырбастау фактілері де жоқ емес. Ал қылмыстық аймақтағы майнерлермен құзырлы органдар күреседі. Бұл да заң жобасында қарастырылған.