0:00 / 0:00
Елдегі күйдіріп жатқан қымбатшылық, қазына қаржысын тиімсіз пайдалану, дамымай жатқан моноқалалардың мәселесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысы Екібастұз қаласына жұмыс сапары барысында талқыланды. Президент моноқалаларды дамыту жөніндегі республикалық кеңес өткізген еді. Бүгінде Қазақстанда 89 қала бар болса, оның 27-сі моноқала санатына жатады. Бұл қалалардағы тұрғындар саны – 1,4 миллион адамды құрайды. Мемлекет басшысы моноқалаларды дамыту жолдарын айтты.
Бүгінде елімізде 27 моноқала бар. Бұл қалаларда 1 миллион 400 мың адам тұрады. Моноқалаларда өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығы өндіріледі. Мұнай-газ, металлургия, химия өнеркәсібі және энергетика саласындағы ірі кәсіпорындарымыз сонда шоғырланған. Алайда, өндірісі дүрілдеп тұрған қалалардың жағдайы мәз емес дейді Президент. Моноқалаларда әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелер шоғырланып қалған.Бизнеске қолдау керек, жұмыс тапшы. Бүгінде моноқалалар бойынша ұсынылған 30 жоба әзірге жоспар күйінде қалып отыр. Олардың басым бөлігінің жоспарлануы он жылға созылып кетті дейді Тоқаев. Бұл орайда мемлекет басшысы Үкіметке аумақтық және өңірлерді дамыту жоспарын келесі жылдың наурыз айына дейін аяқтауды жүктеді. Ал даму әлеуеті бар моноқалаларға қоныс аударушыларға жеңілдетілген 5 пайыздық ипотека беруді тапсырды.
Президент елдегі тамыры тереңге кеткен сыйблас жемқорлық проблемасын да айналып өтпеді.
Өздеріңізге мәлім, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша арнайы операция жүргізіп, көптеген өңірлерде қазына қаржысын тиімсіз жұмсағандар анықталуда. Бұл орайда Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарында тінту мен қамауға алу жүріп жатыр. Мал шаруашылығын дамытам, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірем деген сылтаумен алынған субсидия сән салонын, жылжылмайтын мүлік сатып алуға жұмсалған. Ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияны жымқыруға байланысты 30-ға жуық адам ұсталды.
Әрине үкімет мүшелері мен әкімдер төрт көз түгел отырған жиында Президент елде орын алып отырған қымбатшылыққа да тоқталды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 10,4 пайызға қымбаттады. 9 айдың қорытындысы бойынша инфляцияның жалпы өсімі 8,9 пайызды құрады. Егін жинау науқаны аяқталғанымен, көкөністердің бағасы шарықтап тұр. Басқа да азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттап барады. Бағаның өсуіне себеп болып отырған ортадағы делдалдық әрекеттерді анықтау жөніндегі аймақтық комиссиялардың жұмысынан нәтиже жоқ. Ал үкімет қымбатшылық үшін жауапты деді Президент.