0:00 / 0:00
Көшеде келе жатқан адамды тоқтатып, құжат сұрау заңды ма? Көптеген адам мұндай жағдайға тап болатыны мәлім. Тіпті ешбір бұзушылық жасамай өз жолымен кетіп бара жатқандарды тоқтатып, құжат талап етіп жатады. Бұндай көрініс Астанада жиі орын алады. Әрине бұл көптеген азаматтар үшін жағымсыз әрекет болып көрінеді. Өйткені елорданың сол жағалауын тамашалап жүрген адамда сол сәтте құжаты болмай қалуы да мүмкін ғой. Ал «Құжаттар туралы» заңның 9 бабында үнемі өзіңмен бірге құжат алып жүру туралы жазылмаған. Сондай-ақ, азамат ешбір заң бұзбаса жеке мәліметі жазылған құжатты полицейдің қолына бермеуге құқылы. Министрлер үйі, Ақорда, Үкімет, Парламент ғимараттарының маңында ішкі істер министрлігінің арнайы қызметі күзетте тұрады. Өткен- кеткен адамдарды тоқтатып, құжатын тексереді. Кей жағдайларда өздерін таныстырмастан, дөрекі сөйлеп жататындары да бар. Әсіресе аталған әкімішілік ғимараттардағы отырыстарға жиі баратын журналистер қауымы бұл жағдайға жиі тап болады.
ЕРЖАН СӘДЕНОВ – ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ «Сізге неге дөрекі жауап бергенін анықтаймыз. Бұл жерде Ақорда резиденциясы тұр. Бұл аймақ аранйы күзетке алынған. Сондықтан бұл жерге келгендерді тексеру режимі енгізілген. Ал дөреке сөйлеп, өзін таныстырмағандардың мәселісін тексеріп, анықтаймыз»
Егер сіз ешбір бұзушылық жасамаған болсаңыз полицейдің сіздің жүріп-тұруыңызға кедергі жасауына құқығы жоқ. Сондықтан, көшеде тәртіп сақшысы тоқтатып жатса, ең алдымен оның қызметтік куәлігін сұраңыз. Тек өзін толық таныстырған соң ғана сұрақтарына жауап беріңіз. Полицей азаматтармен дөрекі сөйлеспеуі керек. Мәдениеттілік танытып, сіз деп сөйлегені жөн. Сондай-ақ азаматтар тарапынан да бірден ашуға бой алдырмай, әдептілік сақтаған жөн. Сондай-ақ, бас полицей Астанаға кіреберісте бақылау-өткізу бекеттері қойыла ма деген сұраққа жауап берді. Министр қажеттілік жоқ деп отыр.
ЕРЖАН СӘДЕНОВ – ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ «Бізде еркін жүріп-тұрады. Астананы шектеу - бұл қажет емес деп ойлаймын. Бізде қанша адам қалаға кіріп жатқанын жылдам бақылауға жеткілікті мүмкіндік бар. Ал қаланы жабудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Бұрын барлық жерде блокбекеттер болған, оларды алып тастадық. Негізгі магистральдарда ғана бар, ал қаланы жабудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бірақ шекараларымызда тұр. Пандемия кезінде, төтенше жағдайларға, ол - әкімдіктің балансында»
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана мәслихатының депутаты Азамат Айтхожин елордаға келетіндердің санын азайту үшін жолға блокбекет орнату туралы ұсыныс жасаған болатын. Депутат «Кім көрінген келеді. «Маған пәтер керек», «маған анау керек, мынау керек». Блок-«бекет қойыңдар, бітті! Бәрі Астанаға ағылады. Астана созыла беретін резеңке емес қой, - деген еді.