0:00 / 0:00
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорында 150 миллиард теңге түседі деп күтілуде. Бұл жайында Қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді. Төрағаның айтуынша, қордың жұмысы ашық жүргізіледі. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж азаматтардың өтініштерін қазір 140 мемлекеттік ұйым бірыңғай электронды портал арқылы қабылдайды. Ал қор жұмысын бақылап отыратын қамқоршылар кеңесінің мүшелері ешқандай жалақы алмайды, олар қоғамдық негізде жұмыс істейді.
Өздеріңізге мәлім, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорына қалтасы қалың байлардың қайырымдылық ретінде ақша салғаны жөн екені айтылғанды. Мемлекет басшысы олигархтарға осылайша сауап жинауға кеңес берген еді. Қазір қорға ақырындап қаражат түсіп жатыр. Бас кезінде шіріген байлар үнсіз отырғасын шағын кәсіпкерлер миллиондарын сала бастады, тіпті мемлекеттік органдар бір күндік жалақасын аударған болатын. Алайда, Тоқаев азаматтардың бір күндік жалақысын аударуға тиым салды. Әзірге миллиондар мен миллиардтарын қиып, қорға аударып жатқан қалталы азаматтардың бірнешеуін ғана көзіміз шалды. Дегенмен, Президент айтқандай ел байлығының жартысын уысында ұстап отырған 162 олигархтың мәрттік танытуын күтеміз. Ал қор басшысы Болат Жәмішев жоқ дегенде 150 миллиард теңге түсіп қалар деген үмітте.
БОЛАТ ЖӘМІШЕВ – «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ « Қорда шамамен 100 миллиард теңге болады деп санаймыз және осы 100 миллиард негізгі және маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы тиіс. Сонымен қатар тағы 50 миллиард теңге басқа да екінші кезектегі міндеттерді орындауға жұмсалмақ. Ол кезге дейін қорға 150 миллиард теңгеге дейін түсуі мүмкін».
Жәмішевтің айтуынша, қорға жиналған қаржы барлық проблемаларды шешуге жетпейді, сондықтан ең маңызды, мұқтаж деген өтініштер бойынша жұмыс істемек. Сондай-ақ, қордың жұмысы ашық жүргізілетін болады. Қордық қолдауына мұқтаж жандардың өтініштерін 140 мемлекеттік ұйым бірыңғай электронды портал арқылы қабылдайды. Ал қор жұмысын бақылап отыратын қамқоршылар кеңесінің мүшелері ешқандай жалақы алмайды, олар қоғамдық негізде жұмыс істейді.
Енді қор қайырымдылық көмек сұраған жекелеген адамдарға атаулы, сондай-ақ жүйелі деңгейде көмек көрсететін болады. Өздеріңізге мәлім, «Қазақстан халқына» қоры әлеуметтік, білім саласындағы проблемаларды шешуге қол ұшын созбақ. Әсіресе сирек кездесетін аурулармен ауратын балаларға қолдау жасалады.