0:00 / 0:00
Қазақстанда кедейлер саны азайды деп мәлімдеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова. Ол бұл жайында Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен дөңгелек үстелде айтты. Алайда, тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, елде кедейшілік шегіне жеткендер саны артты. Ресми статистикаға сенуге бола ма?
Дөңгелек үстел барысында шенеуніктер 1 шілдеден бастап күшіне енген Әлеуметтік кодекстегі өзгерістерді банядап шықты. Вице-министр Назгүл Сағындықованың айтуынша, Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген. Мәселен бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту және атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған натуралды пакетті монетизациялау қарастырылған. Сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған әйелдерге наградталған ана мәртебесін беру және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту; әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін көбейту көзделген. Дегенмен, үкімет әлеуметтік төлемдерді өсіргеннен халықтың әл-ауқаты жақсарып кетті деп айту қиын. Себебі, азық-түлікке жұмсалатын шығыс көлемі артты. Қымбатшылық қысып отырғанда, қазақстандықтар тапқан табысының 50 пайызын тамаққа жұмсап отыр. Елде ең төменгі жалақы көлемі 70 мың теңгені құрайды. Яғни тиын тауып отырған адамның кедейшілікке тап болғанын көреміз. Ал ресми статистикада ең төменгі жалақыдан сәл жоғары айлық алатындар кедей болып есептелмейді. Мемлекеттік көзімен қарасақ ол үшінші таптағы орташа табыс тауып отырған азамат. Алайда, шенеуніктер мұндай табыспен күн көрудің қаншалықты қиын екенін көргісі келмейтін сияқты. Себебі, елде кедейлер саны азайды деп сенімді түрде айтып отыр.
Ағымдағы жылдың қаңтарында Батыс Қазақстан облысында жан басына шаққнандағы ең төменгі күн көріс деңгейі 40 мың 902 теңгені құрады. Дүниежүзілік банктің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда кедейлер саны 15 пайызды құрайды. Ал ресми статистика болса халықтың 5 пайызы ғана ең төменгі күн көріс деңгейінен төмен жағдайда өмір сүріп жатыр дегенді алға тартады. Бүгінде халық өз қамын өзі жасап жатыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар таксилетіп жүр. Енді бір базарда арба сүйрейді. Үйде отырған әйелдер тәттілерін пісіріп сатады. Тәуелсіз экономистердің айтуынша, тұрақты табыс жоқ азаматтар қажетіне несие алуға мәжбүр. Тіпті бір несиесін екінші несие алып жауып жатқандар бар. Бүгінде 18 жастан асқандардың 75 пайызы несиеге белшеден батып, банктердің құрбаны болып отыр.