0:00 / 0:00
Еліміздің қорғаныс саласына жұмсалатын қаржы көлемі жалпы ішкі өнімнің бір пайызға жуығын құрайды. Бұл жайында Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов журанлистерге берген сұқбатында айтты. Бүгін журналистер Отан қорғаушылар күні қарсаңында Астана маңында орналасқан 68665 әскери бөліміндегі десант –сарбаздардың әскери өмірімен танысқан еді.
БАҚ өкілдеріне арналған пресс-турда журналистер Астананың қауіпсіздігін қамтитын әскери бөлімнің жұмысымен танысты. Отан қорғаушылар күні қарсаңында әскери бөлімде жаңадан бой көтерген сарбаздардың жатын орны, әскери тілде айтқанда казарманың ашылу салтанаты болды. Казарма толығымен видеокамерамен қамтылған. Бұл сарбаздардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Әскери міндетін атқарып жатқан қатардағы жауынгер Алмат Жақыпов десанттар қатарына өту оңай болған жоқ деп отыр. Бұл әскери бөлімге әкесінің кеңесімен өзі сұранып келген. Әскери борышын өтеп болғасын, арнайы жасаққа қызметке орналасуды мақсат тұтып отыр.
Жалпы Қазақстанның қарулы күштері қажетті қару-жарақұпен қамтылған. Әрине оның бәрі заманауи техника деп айта алмайсың. Әскери сарапшылардың айтуынша, Қарулы күштердің негізі Кеңес Одағында қаланғанын назарға алсақ, сол дәуірдегі қару-жарақ та жоқ емес. Дегенмен, қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновтың айтуынша, тек көрші Ресейден ғана емес, өзге де елдерден заманауи қару-жарақ сатып алып жатырмыз.
СҰЛТАН КАМАЛЕТДИНОВ – ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ «Қару-жарақтың көбі Кеңес Одағынан қалған. Бірақ тәуелсіздік алған жылдар бойы мемлекет қазіргі заман талабына сай қару-жарақты сатып алуға көңіл бөліп жатыр. Біз қазір тек Ресейден ғана емес, Түркия, Қытай, АҚШ және тағы басқа да елдердің қару-жарағын сатып алып жатырмыз. Әуе қатынастарына келсек негізгісі Ресейдікі. Ал көлікті авицияны Испаниялық компаниялардан сатып алынған техникамен қамтып жатырмыз»
Қорғаныс саласына қаржы бөліп жатқан елдер рейтингісінде Қазақстан 115-і орында тұр. Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің 1 пайызға жуығы қарулы күштерді қаржыландыруға жұмсалады.
СҰЛТАН КАМАЛЕТДИНОВ – ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ «Әлемдік тәжірибедегі көрсеткіш осындай. Қарулы күштерді қамтуға, дамытуға жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы жұмсалады.Бізде сол бір пайызға сәл жетпей тұр. 0,98 пайызды құрайды».
Жалпы алғанда, күштік құрылымдардың, яғни қорғаныс, құқық қорғау жүйесі, арнайы мемлекеттік органдардың осы жылғы жалпы бюджеті 2 трлн 217 млрд теңгені құрады. Отандық БАҚ-ң ақпаратына сүйенсек, қорғанысқа 1 трлн 29,8 млрд теңге бағытталды. Бірақ бұл соманың 185,9 миллиарды – Төтенше жағдайлар министрлiгiне бұйырды. Қорғаныс министрлiгi 517 млрд 340,5 млн теңгені қанжығалады. Қазақстанда отандық қару-жарақ, әскери техника жасаумен қорғаныс ведомствосы емес, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі айналысады. Оған ағымдағы жылы 326 млрд 610 млн теңге бөлініп отыр. Бұл сомаға оның қандай соғыс құралдары сатып алынатыны құпия.