0:00 / 0:00
Өткен аптада Француз Президент Эмманюэль Макрон елімізге ресми сапармен келіп кеткен еді. Макронның бұл сапарына қатысты сарапшылар өз болжамдарын жарыса жазды. Халықаралық Bloomberg агенттігі «Макрон уран мен жаңа достарын табу үшін Путиннің артқы ауласына келді» деп мақала жариялағанды. Басылым Франция президентінің Қазақстанға не мақсатпен келгенін талқылапты.Онда Франция әскерлері Нигерден шығарылғаннан кейін француздар уран тапшылығына тап болды. Сол себепті Эмманюэль Макрон осы аптада энергетикаға бай Орталық Азияға сапар шегіп, Францияның ядролық реакторларында қолданылатын уранды жеткізуші екі ел – Қазақстан мен Өзбекстанға барады. Бұл сапар Францияның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған деп топшылауға болады –деп жазады. Басылымның Қазақстанды Путиннің артқы ауласы деген жазбасы көпшілік талқылауына түсті. Үкімет басшысының орынбасары Жұманғарин осы мақалаға қатысты пікірін былайша жеткізді.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ «Қазақстан ешкімнің артқы ауласы емес, бұл – тәуелсіз мемлекет, көп жылдық тарихы бар Мәңгілік ел. Кім кімнің ауласы? Бәрі бос әңгіме. Еуразия кеңістігінде көптеген мәселе шешіліп жатыр. Бір елден бір нәрсені көбірек сатып алатынымыз біреудің «ауласы» екендігімізді білдірмейді. Бізге керек болған соң, сатып аламыз. Бұл тұрғыда ешкім бір қадам артқа шегінбейді. Біздің өкілдеріміздің арасында аула да, төмен деңгейлі адамдар да жоқ».
Ал алдағы бейсенбіде Қазақстанға Ресей Президенті Владимир Путиннің сапары жоспарланып отыр. Ақорда қонақ күтуге дайындықты бастап кетті. Вице-премьердің айтуынша, Путиннің бұл сапарында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінбек. Жұманғарин ең алдымен экономика, кейін саясат дейді. Бүгінде көрші орыстармен тауар айналымы – 27 млрд доллар құрап отыр.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ "Бұл жерде таза экономикалық және сауда қарым-қатынастарын ғана талқылаймыз. Мен бұл екі елге де пайдалы деп санаймын. Алдымен – экономика, кейін – саясат. Бізде Ресеймен тауар айналымы – 27 млрд долларды құрайды. Форумда екі ел тұрғындары мен бизнесінің проблемалары талқыланады.Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Егер былтыр экспорт 9 млрд доллар болса, биыл оның көлемі өсіп жатыр».
Ресей Президентінің елімізге сапары барысында Қостанай қаласында Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді деп жоспарланып отыр.