0:00 / 0:00
Әлемде орын алып отырған геосаяси жағдайда Қазақстанның әскері кез-келген сын-қатерге дайын болуы қажет-деді Президент Қасым –Жомарт Тоқаев. Ол үшін ел әскерін жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жабдықтап, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Бұл жайында Жоғарғы Бас қолбасшы әскери қызметшілер алдында сөзінде айтты. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Алматы облысына «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына барды.
Әскери жаттығу барысында десанттық-шабуылдау әскерлерінің бригадалық-тактикалық топтары авиацияның қолдауымен, сондай-ақ Құрлық әскерлері және Арнаулы операциялар күштерінің бөлімшелерімен бірлесе отырып, судан өту арқылы қарсы жағалаудағы жау шебін басып алу үшін тактикалық іс-қимыл көрсетілді. Ал Арнаулы операциялар күштері мен Ұлттық ұлан бөлімшелері шартты жау қолына өткен Қапшағай ГЭС-ін азат етті. Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері техногендік апат салдарын жоюмен айналысып, халыққа гуманитарлық көмек көрсету міндетін атқарды. Әскери-теңіз күштері авиацияның және Арнаулы операциялар күштерінің қолдауымен Каспий теңізі акваториясындағы экономикалық қызмет нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Әскери жаттығуды тамашалған Президент Тоқаев сарбаздардың шеберлігіне жоғары баға берді. Дегенмен мемлекет басшысы қазақ армиясы сын-қатерлерге дайны болуы керектігін еске салды. Себебі, әлемде геосаяси жағдай ушығып тұр.
Сондай-ақ, Жоғарғы Бас қолбасшы әскерді заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен, сапалы әскери техникамен қамту қажеттігін айтты.
Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарындағы полигондарда да осындай оқу-жауынгерлік міндеттер орындалды. Ресми мәліметке сүйенсек, 2022 жылы қорғаныс саласына 1 триллион теңге бөлінген.