0:00 / 0:00
Елордада «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтті. Көрмеге 100-ге жуық отандық компания қатысты. 2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы белсенді кәсіпкерлер саны 175,5 мыңды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға артты. Олардың Нұр-Сұлтан қаласының ішкі өңірлік өніміне қосқан үлесі 5 636,6 млрд теңгені немесе 66,9%-ды құрады. Бұл Қазақстанның барлық өңірі арасындағы ең жоғары көрсеткіш-деп отыр әкімдік өкілдері. Екі жыл бойы карантиндік шектеулерден көз ашпаған отандық кәсіпкерлерге қодау ретінде өткен көрмеде елімізде өндірілетін өнімдерді көруге болады.
Отандық бизнесті қолдауға арналған көрмеде жеңіл және жиһаз өнеркәсібі,парфюмерлік-косметикалық өнімдер, санитариялық-гигиеналық және медициналық бұйымдар, құбырлар, жарықдиодты және металл пластик өнімдер, лифт, эскалаторлық және траволатор жабдықтар, жоғары вольтты жабдықтар сияқты өнім түрлерін көзіміз шалды. Әрине азық-түлік түрлері де жоқ емес. Макарон, шұжық, ет өнімдері, глютенсіз жартылай дайын фабрикаттар, ірімшіктер, балмұздақ, ұн және нан-тоқаш өнімдері шығарылған екен.
Әкімдік өз тарапынан қала кәсіпкерлерін қолдауға дайынбыз деп отыр.
Нұр-Сұлтан қаласындағы белсенді кәсіпкерлер саны 175,5 мыңнан асып отыр. Алайда, көрмеде өнімін жарқыратып шығарып отырған кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттік қолдау алдық деп айта алмайды. Себебі, пайызы шарықтаған несиеге батқан бизнес соның өтеуін өтеуден көз ашпай отыр.
АНАР МҰҚЫШЕВА –КӘСІПКЕР «Біздің Қазақстан мен сияқты шағын және орта бизнестің арқасында күн көріп отыр. Кәсіпкерлер 2020 жылы табысын жоғалтып, дағдарысқа тап болды. Көбісі жабылып қалды. Мен де 6 пайыздық несие алғым келді. Бірақ маған арзан несиені бермеді. Мүмкіндік жоқ болған соң елден талай мықты бизнесмендер кетіп жатыр»
Арасында мемлекетке қолын жаймай, несиеге батпай, өз еңбегімен өнімін өндіріп, кәсібін өрбітіп отырғандар да жоқ емес.
Қазақстандық бизнесмендер үшін ұйымдастырылған көрме қордаланған мәселені бірден шеше қоймасы анық. Себебі, елде кәсіпкерлікке арналған арзан және ұзақ мерзімге берілетін несие жоқ. Несиелік үстемақы тым жоғары және монополия проблемасы тағы бар. Қай сала болмасын ықпалды тұлғалармен басып алынған. Оған қоса әкімшілік бюрократия бар. Нәтижесінде монополистер байып, өзін әрең сүйретіп жүрген шағын және орта бизнес дамымай жатыр. Ал дамыған елдерде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 70 пайызын құрап, экономиканың басты қозғалтқышы болып табылады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 30 пайызға жетпейді.