0:00 / 0:00
Елде саяси қуғын –сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шаралары өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының жұмысымен танысты. Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты материалдармен танысты. Өздеріңізге мәлім, Президенттің Жарлығымен 2020 жылы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылғанды. Осыған орай саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы ашылды. Ал ақжолдықтар елордадағы "1932-1933 жылдардағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық кезінде құрбан болғандардың рухына тағзым етті.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ел Президенті Алматыдағы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының жұмысымен танысты. Орталықта ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты материалдар бар. Жақында бұл орталық тағы 715 мыңға жуық істі қабылдап алмақшы. Мұнда құжаттарды құпиясыздандыру, қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады. Оларды зерттеу және ғылыми айналымға енгізу үшін тиісті жағдай жасалған. Қазіргі уақытта тарихшы-ғалымдар мен орталық қызметкерлері «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты көптомдықты баспаға дайындап жатыр. Бұл басылым ХХ ғасырдағы Қазақстанның саяси тарихының ғылыми көкжиегін кеңейтеді. Орталықтың қорында 1 миллион 132 мың іс сақталған. Ал ел Астанасында жылдағы дәстүр бойынша Ақ жол партиясының мүшелері елорданың оң жағалауындағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық кезінде құрбан болғандардың рухына арналған монументке барып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Партия төрағасы Азат Перуашев ел үшін, жер үшін күресіп, құрбан болғандардың әлі де ақталмағаны қаншама дейді. Ал сонау 30 жылдардың басындағы ашаршылық 1,5 миллион қазақтың өмірін қиды. Бұл «қазаққа жасалған геноцид»- деп бағалануы керек және билік бұған саяси баға беруі қажет дейді ол.
Депутат Бәпидің айтуынша, бұл мәселені қазақ қоғамы болып көтеруіміз керек.
Тарихқа жүгінсек, қасіретті 37 жылдары саяси репрессияға ұшырағандарды атып тастап ғана қоймай, Сталиннің бұйрығымен тұтқындалғандарға қатысты ұрып-соғып, қорлау әрекеттері де жасалған. Тіпті айыптаушы мен қорғаушы мүлдем болмаған, бірден ату жазасына кесу үкімі шығарылып отырған. 12 жастағы балалардан бастап атуға бұйрық берілген. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұдан бірнеше есе көп болған.Тәуелсіздік алған жылдары шыққан «Аза кітабында» 146 мың 500 күнәсіз жазғырылған қазақстандықтың аты жазылған. Заңсыз қуғындалған 340 мыңнан астам азамат ақталды.