0:00 / 0:00
Ақорда бүгін қонақ күтуден шаршамады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанды елорда әуежайына өзі барып күтіп алды. Байқағанымыз Түркия басшысы елімізге жұбайы Эмине Ердоғанмен келген. Одан әрі Қазақ-түрік басшыларының кездесуі Ақордада жалғасты. Құрметті қонақты қарсы алу рәсімінен соң, тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынас мәселесін тақылады. Өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ, екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Айта кетейік, Қазақстан мен Түркияның жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-ші отырысы өтті. Қазақ басшысы екіжақты сауда-саттық әлеуетін арттыру үшін Транскаспий дәлізін дамытуға шақырды.
Ал түрік басшысы Каспий теңізіндегі көлік флотын күшейту үшін кеме жасау зауытын салуға көмектесеміз деді.Сондай-ақ бауырлас Түрік елі үшін Қазақстанның территориялық тұтастығы маңызды екенін де айтты.
РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН – ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ «Бауырластық жаһандық оқиғалар түрік әлемі ретінде үйлесімді түрде ұйымшылдығымызды одан әрі нығайтуымызды қажет етеді. Стратегиялық серіктесіміз, бауырлас Қазақстанның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, территориялық тұтастығына және әл –ауқатына мән береміз»
Мәлім болғандай, Түркия компаниялары Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне 200 млн доллар инвестиция салады. Тері өңдеу, бақ өсіру сияқты жобалар бар. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша Түркия Қазақстанда 5 ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
Түрік компаниялары еліміздің кен орындарын игеруге қызығушылық танытып отыр. Осыған орай бізде 9 зауыт салынбақ.
Екі ел президенттері Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізу керектігін айтты. Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында тұр.Түрік басшысы Режеп Тайип Ердоған елімізге екі күндік мемлекеттік сапары аясында ертең өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне де қатысады.