0:00 / 0:00
Жарыса съезд өткізген саяси партиялардың мәлімдемелерінен кейін, бірден халықтық коалиция құрылып, форум өтті. Халықтық коалицияға алдағы президенттік сайлауға қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған 20 ұйым мен AMANAT, «Ақ жол», Қазақстан Халық партиялары бірікті. 2000 астам адам қатысқан форумда елімізге белгілі, белді азаматтар сөз алып, Тоқаевтың осы сайлауға қатысуын ұсынып, өтінді. Әйгілі ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Тоқаевтың халықаралық аренадағы салмағы барын айтса, ақжолдық депутат, жазушы Иса Қазыбек қазір кемедегі капитанды ауыстыратын уақыт емес деді.
Ал көпшіліктің қолдауын жерге тастамаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық коалицияның атынан Президенттік сайлауға түсетін болды. Енді елді басқаруға жас буынды тартамыз деді.
Сондай-ақ, ол белгілі бір топтың сойылын соққандар емес, мықты саяси институттар билікке тартылады деді. Ең бастысы Президенттік республика құрып, ықпалды Парламент жасау.
Қасым-Жомарт Тоқаев көпке созбай жақын арада сайлауалды платформасын жариялайтынын да айтты. Онда елді жаңаша дамыут жолы мен халықтың әл-ауқатын көтеру мәселелері қамтылмақ. Президент Қазақстанның дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық екенін айтты. Жемқорлық қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Бұдан былай олардан қайтарылған қаражат мектеп салуға жұмсалады, - деді ол. Ал құзырлы орган басшыларының жауапкершілігі артып, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамай, жалғаса бермек.