0:00 / 0:00
Парламент Мәжілісінің депутаттары қаржы пирамидасын жарнамалағандарды қылмыстық жауапқа тартуды қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр. Алдағы мамыр айында аталмыш құжат талқылауға енгізілмек. Бұл жайында Мәжілістің жалпы отырысында депутат Юрий Ли Бас Прокурордың атына жолдаған сауалында айтты. Бұл ұсынысты палата төрағасы Ерлан Қошанов та қолдап, алаяқтарды қолдағандарды қылмыстық жауапқа тарту қажет деді. Өздеріңізге мәлім, 11 сәуір күні «MUDARABAH CAPITAL» қаржы пирамидасынан зардап шеккен әйел елордада Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында өзін өртеп жіберген еді.
Жалпы Қазақстанда заң бойынша қаржы пирамидасының қызметіне тыйым салынған. Өкінішке орай жеңіл пайда табу жолын іздеген алаяқтар аңқау халықты алдап, тұзағына түсіріп, қолында бар ақшасын сыпырып алып, зар қақсатып кетіп жатады. Адамдар жеңіл ақшаның соңына еріп, осындай күмәнді жобаларға сенуіне белгілі әртістер мен вайнерлер де себепші болып отыр. Олардың әлеуметтік желі бетіндегі жарнамасына сенген халық, жинаған қаражатын салып жатыр. Мәжіліс депутаты Юрий Ли бастаған топ Бас Прокуратураға сауал жолдап, қаржы пирамидаларының жарнамасына қатысқандарды жауапкершілікке тартуды сұрады. Өздеріңізге мәлім, сәуірдің 11 күні елордада ІІМ ғимараты алдында қаржы пирамидасына 20 млн теңгесін салып, қайтара алмаған әйел өзі өртеп жіберген еді. Өзін өртеген әйел ауруханаға жатқызылды. Осындай трагедияға апарған алаяқтардың ісіне тоқтау қою үшін депутаттар қаржы пирамидасын жарнамалағандарды қылмыстық жауапқа тартуды қарастыратын заң жобасына бастамашылық жасады. Мамыр айында аталмыш құжат талқылауға түспек. Әріптестерін палата төрағасы да қолдады.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ «Қаржы пирамидасын жарнамалағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Әсіресе вайнерлер, әртістер, блогерлер алаяқтық әрекетін біле тұра жарнамалап отыр. Адамдар соларға сеніп, ақшасын салып, сан соғып қалды. Алаяқтардың бұл әрекеті адами трагедияға әкеп соғып отыр»
Мәжілісмендер, қаржы пирамидаларын жарнамалаған әлеуметтік желі мен БАҚ-ң жұмысын тоқтатып тастау керек деген пікірде.
Өзін өртеп жіберген әйел Mudarabah Capital компаниясына қаржы салып, алданып қалған. Осы компанияның ісі бойынша 14 айыпталушы жауапқа тартылған. Адамдарды осы пирамидаға өз ақшаларын салуға шақырған үш блогер де қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды. Екеуіне қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы, біреуіне күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, ол халықаралық іздеуде.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қаржы пирамидаларына қатысты 65 қылмыстық іс тергеліп жатыр, олардан үш мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен.