0:00 / 0:00
Қанды қаңтарға кім жауапты? Тапсырыс беруші кім? Мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырушы кім? Бүгін Парламентке келіп, депутаттардың алдында есеп берген Бас прокурор Берік Асылвотан осы сұрақтарға нақты жауап ала алмаған депутаттар, қаңтар оқиғасы кезінде орын алды деген қастандықтың жалпы картинасын көріп отырған жоқпыз деді. Бүгінде олардың жоспарына қатысты алдын ала мәлімет жоқ. Өткен аптада депутат Жанарбек Әшімжанов Бас прокурорға сауал жолдап, қаңтар трагедиясы бойншна ашық ақпарат беруін талап еткенді. Бүгін барлық құқық қорғау органдарының басшылары, қорғаныс министрі мен жазықсыз жауапқа тартылып, азаптауларға тап болған азаматтардың ісімен айналысып жатқан адвокаттар және адам құқығын қорғау уәкілі келіп, есеп берді. Бас Прокурор, Ішкі істер министрі мен Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жауабын тыңдаған мәжілісмендерде сұрақ көбейді. Айтпақшы қаңтар оқиғаларына қатысты деген күдікпен 19 шетелдік азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жалпы полиция қаңтардағы оқиғалар бойынша 3 мыңнан астам қылмыстық істі тергеп жатыр, қазірге дейін 278 адам қамауға алынды.
Бас прокурор баяндама жасамас бұрын депутаттарға қаңтар оқиғасы кезінде орын алған жаппай тәртіпсіздіктер бойынша бейне роликті көрсетті. Соңғы ақпаратқа сәйкес, 230 адам қаза тапты. Олардың арасында 19 күштік құрылым қызметкері мен әскерилер бар. Дәл қазір абайсызда 20 бейбіт азаматтың оқ тиіп көз жұмғаны анықталып отыр. Өздеріңізге мәлім, қаңтар оқиғасы барысында ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қамауға алынып, қылмыстық істер қозғалды. Мәсімов, оның үш орынбасары және екі бөлімше бастығы мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға әрекеттену, билікті асыра пайдалану және пара алу қылмыстары бойынша тергелуде. Жақында ғана Кәрім Мәсімовтың үйінен табылған бума-бума доллар пен қымбат көліктері тәркіленді. Оған қоса жылжымайтын мүліктері де жария етілген еді. Мәсімов 17 жылға сотталуы мүмкін.
Депутаттар елде орын алған қаңтар оқиғасы барысында антитеррористік операция тым кеш басталды деп сынады. Қазақстанның әскери күштері Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының 2 мың әскері келгенше түк бітірмей отырғаны сұрақ тудырады дейді.
Өздеріңізге мәлім, қаңтар таргедиясынан соң ұсталып, құқық қорғау органдарының тергеуіне түскен азаматтарға қатысты азаптаулар орын алды. Жазықсыз жазаланып кеткендері де баршылық.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, азаптаулар фактісі бойынша ұсталып, қамауда отырған 9 лауазымды тұлғаның сегізі– ҰҚК қызметкері, біреуі – полицей. Бас прокурор қаралы қаңтарда 230 адам қайтыс болды десе, адам құқығын қорғау уәкілі 238 адам көз жұмды деп отыр.
Осылайша қанды қаңтарға кім жауапты, мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырушы кім? деген басты сұрақтарға бүгінгі жиында нақты жауап айтылмады.