0:00 / 0:00
Неше күннен бері әлеуметтік желіде қазақстандықтарды республика күнінде митинге шығуға шақырып жатқан Мұхтар Әблязовтың видеосы тарауда. Өздеріңізге мәлім, Әблязов ДВК саяси-қозғалысын құрушы, ал бұл ұйым Қазақстанда экстремистік ұйым болып танылған. Сондай-ақ, Мұхтар Әблязов кісі өліміне кінәлі деп сырттай сотталған. Дегенмен, Францияны паналап жүрген Әблязовтің митинге шығуға үндеуі қарқынды тарап жатыр. Тіпті әлеуметтік желіде жолда кетіп бара жатқан полиция көліктерінің бейнесі тарады. Видеоның авторлары полиция 25 қазанда болатын митингке дайындалып жатыр деп те жазды. Тілшілер бұл сұрақты ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепехаға қойған еді. Ол бұл видеоны көрмепті.
ИГОРЬ ЛЕПЕХА – ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ «Бізде адамдар әскери колонна кетіп бара жатса, соғыс басталды. Ал полиция колоннасы кетіп бара жатса, митинг шыққандарды қуғалы бара жатыр деп ойлайды. Мен полиция көліктерінің қайда бара жатқанын білмеймін. Біз неге дайындалуымыз мүмкін? Бүгін тек 17 қазан ғой»
Дегенмен вице-министрі алдағы мереке күндері полиция күшейтілген режимде жұмыс істейтінін айтты. Ал Әблязов үндеп жатқан заңсыз митингті ұйымдастыруға жол бермейміз деді.
ИГОРЬ ЛЕПЕХА – ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ «25 қазан мемлекеттік мереке ғой. Біз оған дайындаламыз. Біз әкімдіктерден барлық іс-шараны сұрап жатырмыз. Онда қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеміз. 25 қазанға митингке шақыруға тоқталайын. Оны ДВК мүшелері істеп отыр. Қазақстанда ол заңсыз экстремистік ұйым болып саналады. Біз ешқандай митинг өткізуге жол бермейміз»
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде заңсыз митингке шықпауға үндеп жатқандар да белсенділік танытуда. Олар мұндай акциялар қаңтар оқиғасының қайталануына әкеп соғады деп те сақтық танытқан ойларын жеткізіп жатыр.