0:00 / 0:00
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жұмыс берушілерден әлемдік инфляцияны ескере отырып, жалақыны көтеруді сұрады. Сондай-ақ, министр жыл сайын әкімдіктер қала құраушы кәсіпорындармен меморандум бекітетінін айтты. Нәтижесінде кәсіпорындар жұмысшыларды қысқартпауға және еңбекақыны 5-тен 10%-ке дейін индексациялауға міндеттеледі. Халықтың әл-ауқатын көтеру туралы Президенттің тапсырмасына сәйкес, үкімет екі айдың ішінде өз жобасын ұсынуы керек. Инфляция дендеп, қымбатшылық қысып жатқанда қазақстандықтардың тапқан табысы тиын болып қалып жатыр.
Айлап тапқан табысының артқанын кім қаламасын. Ал инфляция дендеп, қымбатшылық қысып жатқанда қазақстандықтардың тапқан табысы күнделікті қант-шайына әрең жетеді. Халықтың басым бөлігі несиеге белшеге батқан. Қолға түскен айлығы несиені өтеу мен азық-түліктен артылмай жатыр. Үкіметтің алдында халықтың әл-ауқатын көтеру мәселесі тұр. Ол үшін азаматтардың материалдық жағдайын жақсарту қажет. Жұмыссыздықты жойып, халыққа лайықты еңбекақы төленуі керек. Еңбек министрінің айтуынша жыл сайын әкімдіктер қала құраушы кәсіпорындармен меморандум бекітеді. Нәтижесінде кәсіпорындар жұмысшыларды қысқартпауға және еңбекақыны 5-тен 10%-ке дейін индексациялауға міндеттеледі. Мемлекеттік қызметкерлер мен бюджет саласындағылардың жалақысы артуда. Оған қоса сыйақы төленеді. Ұлттық компанияларда қызмет ететіндердің айлығымен қоса бонусы тағы ба. Ал жалақысы төмен санаттағылардың мәселесі қалай шешілмек. Министр Серік Шәпкенов жұмыс берушілерге қоластындағы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді міндеттей алмаймыз дейді. Еңбек мәселелерінде жұмысшы мен жұмыс беруші арасында баланс болуы керек екенін айтады.
Дегенмен, Шәпкенов әлемдік инфляцияны ескере отырып, барлық жұмыс берушілерден жалақыны көтеруді сұрады. Жұмыс берушілер азық-түлік, қызметтер мен тауарлардың әжептәуір қымбаттағанын ескеріп, қол астындағы қызметкерлерінің жалақысын көтеруі керек деп санайды ол.
СЕРІК ШӘПКЕНОВ – ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ "Барлық кәсіпкерлік субъектісі мен жұмыс берушіге айтарым: егер мүмкіндік болса, өз қызметкерлеріңізге қолдау көрсетіп, айлығын көтеріңіздер"
Өздеріңіз көріп отырғандай, дүкен сөрелеріндегі азық-түлік пен барлық қажетті тауар түрлеріне баға өскен. Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, инфляция құрылымында азық-түлік бағасы– 9,9%-ке, азық-түлік емес тауарлар – 8,5%-ке, ақылы қызметтер 6,8%-ке шарықтаған.