0:00 / 0:00
Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі сақтала ма? Өкінішке орай бұл сұраққа елдегі өндіріс орындарында орын алып жатқан апаттардың өзі жауап болып тұр. Тек соңғы 15 жылда шахталарда орын алған апаттан 194 кенші қаза болды. Кетіп бара жатқан қоян жылында есте қаларлық қайғылы жағдай – бұрынғы Арселор Миттал қазіргі Қарметтің Костенко шахтасындағы апат. 46 шахтердің өмірін қиды. Қайғылы жағдайлар, жұмысшылардың жарақат алуы құрылыс орындарында жиі орын алады. Еңбек министрінің айтуынша, өндірістік жарақаттар мен кәсіптік аурулар еңбек қауіпсіздігінің негізгі көрсеткіші болып отыр. Жыл сайын бұл көрсеткіш артып жатыр.
Дамыған елдерде бұл көрсеткіш өндірістік процестерді автоматтандыру және қауіпсіздік техникасы деңгейін арттыру есебінен жыл сайын азайып келеді. Ал бізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші жоғары дейді премьер-министр де. Қазақстанда 500 мыңға жуық адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Өкінішке орай еңбек қауіпсіздігінің сақталмауынан жыл сайын мыңдаған адам жарақат алып, жүздеген жұмысшы мерт болады.
Үкімет басшысының мәліметінше, өндірісте қазір қолданылып жүрген жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесі жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға ынталандырмайды. Бүгінде кәсіпорындардың тек 32%-і ғана өз қызметкерлерін сақтандырған. Ал көптеген елдерде бұл шаруа баяғыда қолға алынып, өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін превентивті іс-шараларға бағыттайды. Тіпті қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытып, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі. Ал бізде жұмыс күшін толыққанда пайдаланып, оларға қаржы құюды жұмыс берушілер көп жағдайда қарастыра бермейді. Енді үкімет қабылдаған еңбек қауіпсіздігін қамтитын тұжырымдама осы кемшін тұстарды жояды деген үміт бар. Кәсіптік қауіп-қатерлер мен өндірістік жарақаттану деңгейін және кәсіптік ауру түрлерін төмендетіп, барлық тәуекелдер алдын-ала ескерілетін болады. Өндірістегі қауіпсіздік саласын цифрландыру осы мәселелерді шешуге ықпал етуі тиіс. Ал еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттырамыз деп отыр үкімет басшысы.