0:00 / 0:00
Елімізде орын алған еңбек дауларының 80 пайызы Маңғыстау өңіріне тиесілі. Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Маңғыстау облысында орташа жалақы 353 мың теңгеге жеткенін мәлімдеді. Дегенмен мұнайлы өлке жұмысшылары жалақысын көтеруді талап етуде. Қызметкерлер қоятын негізгі талап – мұнай сервистік кәсіпорындарда жалақы деңгейін арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту.
Мұнайдың ортасында отырып, маңғыстаулық жұмысшылардың еңбекақысы шетелдік жұмыскерлерден әлдеқайда аз екенін айтып, талай шағымданып, наразылық шерулерін өткізуде. Бүгінде қазақстандық компанияларда 22 мың шетелдік азамат жұмыс істейді. Олардың еңбекақысы жергілікті жұмысшылардан бес есеге көп.Бұл теңсіздікті шешу үшін талай шара қабылданып, талаптар енгізілді. Дегенмен, қазақстандық жұмысшылардың мүддесі жүз пайыз қорғалып отыр деп айту қиын. Оған жыл басынан бері елде орын алған еңбек даулары себеп. Еңбек министрінің айтуынша, республикада орын алған еңбек дауларының 80 пайызы Маңғыстау өңірінде тіркелді.
Облыста 11 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Ондағы жалдамалы жұмыскерлер саны 291 мың адамды құрайды. Өңірде орташа жалақы көлемі 353 мың теңгені құрайды. Дегенмен, мұнайлы өлкеде өмір сүру қымбат. Азық-түлік көрші облыстардан тасымалданады. Сүт, ет өнімдерінің құны өңірде шарықтап тұр.
Үкімет елдегі еңбек дауларына жол бермеу үшін мердігерге берілетін тапсырыс көлемін 25%-тен аспайтын мөлшерде шектеу, конкурсқа қатысатын компанияларға қойылатын біліктілік талаптарын қатайту, конкурс өткізу кезінде жоғары жалақы төлейтін фирмаларға қосымша жеңілдіктер беру сияқты шараларды қарастыруда. Өкінішке орай, еңбек жанжалын шешуде кәсіподақтардың белсендлігі байқалмайды. Бүгінде бір федерацияға қарайтын кәсіподақтар жұмысшылардың мүддесін қорғауда нәтижелі жұмысын көрсете алмай отыр.