0:00 / 0:00
Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық орын алған деңгейге жеттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы оқиғалар жылдар бойы жинақталған проблемалардың бетін ашты деді. Алдымызда барлық әлеуметтік құрылымды өзгертуге стратегиялық міндет тұр. Бізге Қазақстан азаматтарының мүддесіне сай келетін реформалар қажет, ел өзгерді және азаматтарымыздың экономикалық жүйеге және жалпы өмірге деген көзқарасы өзгерді деді Президент еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде. Бұл жиында Тоқаев елдегі тереңдеп кеткен әлеуметтік теңсіздік жайында айтты.Қазақстан халқының жартысының табысы 50 мың теңгеден аспай отырғанын жеткізді.
Президентпен өткен кездесуге Forbes журналының бетінен түспейтін бай-бағыландар қатысқанын көзіміз шалды. Әдетте қымбат қонақ үйлердің залында кездесуді жөн санайтын мульти-миллиардерлерді Қасым-жомарт Тоқаев қарапайым ҚазМедиа залында жинаған екен. Отандық ірі кәсіпкерлерге Президент бұдан арғы даму жолын жік-жіктеп айтып берді. Тоқаев ендігі жолымыз бизнесті дамыта отырып, халықтың табысын арттыруға бағытталатынын айтты. Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық орын алып отырғанын, қаңтардағы оқиғалар жылдар бойы жинақталған проблемаларды бетін ашқанын да сөз етті. Бұған дейін айтылып келгендей, қазақстандықтардың табысы 500 мың емес, халықтың жартысының кірісі 50 мың теңгеден аспай отыр. Президент Қазақстан байлығының тең жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етіп отырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Тоқаев 30 жылда байып, шалқып жүрген олигархтармен күрес жалғасатынын тағы айтты. Президенттің пікірінше, елде орын алып отырған бизнесті монополиялаудан арылуымыз керек.
Елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отыр.
Ал халықтың басым бөлігінің табысы төмендеп, еш өзгеріссіз қалды. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер. Оның соңы экономикалық-әлеуметтік, артынан саяси жағынан қақ бөлінуіне әкеліп соқтыруы мүмкін деді Президент. Ендігі мәселе оффшордағы қаржыны елге қайтару.
Сондай-ақ, Президент бизнес қауымдастығына адал жұмыс істеп, салық төлеуден жалтармауға кеңес берді. Себебі, елде пайдаға белшесінен батып отырған гиганттар салық төлемейді деді.
Мемлекеттік сатып алуларда тазалық сақтамай отырған, жұмысында ашықтық жоқ «Самұрық Қазына» қорының тағдыры енді бір айдың ішінде шешілмек.
Мемлекет басшысы болашағын Қазақстанмен байланыстыратын ірі бизнес қауымдастығына қаражаттарын елдің дамуына салуға кеңес берді. Себебі "мұнда табыс табамыз, басқа жерде жұмсаймыз" деген қағидатқа жол берілмейді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сөзінің соңында Президент "Платон менің досым, бірақ ақиқат одан қымбат" деген формуланың өзіне жақын екенін бизнес пен шенеуніктерге жете жеткізді.