0:00 / 0:00
Крминогендік ортада «Дикий Арман» деген лақап атымен әйгілі Арман Жұмагелдиевтің сыбайластары ұсталды. Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бас прокуратураның үйлестіруімен ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерлеуге және жоюға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізді.
Қылмыс әлемінде «Дикий Арман» деген лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев қаншама жыл шетелде бас сауғалап жүріп, қаралы қаңтарда қолға түскенді. Еске сала кетейік, қаңтар трагедиясында Алматыда полицияның арнайы жасағы жүргізген операция барысында «Дикий Арман» бастаған қылмыстық топтың 6 өкілі ұсталғанды. ІІМ-нің дерегінше, ұстау барысында күдіктілерден маркалары мен калибрі әртүрлі 4 жартылай автоматты тапанша және олардың оқ-дәрілері, суық қару мен брондалған автомобиль алынды. Осылайша “қаңтар оқиғасына” белсенді қатысқан Арман Жұмагелдиев қамауда отыр. Ал оның сыбайластары жетекшілерін және басқа да қылмыстық топ мүшелерін қорғап алу үшін адвокаттарды қаржыландырып келді. Полиция ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледік деп хабарлап отыр.
Дикий Арманның қылмыстық тобын әшкерлеуде ең алдымен халықаралық іздеуде жүрген, қылмыстық ортада “Нойс” деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің “оң қолы” басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі криминалдық буынын жою көзделген. Полицияның хабарлауынша, ұсталғандардың арасында айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі, “Нойс” лақап атымен белгілі Нұржан Иманалиев те бар.
Осылайша ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және оны басқарғаны үшін екі қылмыстық іс тіркелді. Ағымдағы жылдың мамыр айында қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ал 12 шілдеде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес операциясында Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай және Түркістан қалаларында “қаңтар оқиғасы” кезінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан 18 фигурант ұсталды деп хабарлайды ІІМ-гі. Тінту барысында бірнеше шолақ қару, тапаншалар, пышақтар, кастет, діни әдебиет, сондай-ақ тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілердің киімдері тәркіленді.Полиция бұл жұмысты одан әрі жалғастырады.