0:00 / 0:00
Еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой отставкаға кетті. Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысының Жарлығымен Алексей Цой Қазақстанның денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатылды. Кейін, Цой мырза әлеуметтік желідегі жазбасында денсаулық сақтау саласын ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы дамытуды қолға алатынын мәлімдеді. Бір жарым жыл бойы еліміздің денсаулық сақтау саласын басқарған Алексей Цойдың пандемия кезіндегі қызметі талай сыналып та жатты. Депутаттар экс-министрдің жұмысына өз бағасын берді.
Төрт күнгі демалыстан соң, жаңа аптаның басты жаңалығы- денсаулық сақтау министрінің қызметінен кетуі болды. Осыдан бір жарым жыл бұрын, елде коронавирус өршіп, эпидемилогиялық жағдай нашарлаған кезде Алексей Цой денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындалған болатын. Себебі, оның алдында министр болған Елжан Біртановқа өкілеттілігін асыра пайдаланды деген айып тағылып, сот ісі жүріп жатыр. Ол әлі күнге дейін үй қамақта отыр. Ал жылдың аяғында Цойдың отставкаға кетуіне не себеп болды деген сұрақ туындайды. Осы аралықта Алексей Цой талай сынға да ілікті. Ресейлік вакцинаны сатып алуға басымдық жасады, екпе жасату науқанын жоспардағыдай атқара алмады, ДСҰ ұсынған вакциналарды елге жеткізбеді деп те сыналған болатын. Дегенмен, Цой пандемиямен күресе алды дейді депутатта. Экс-министрдің жұмысына өз бағасын бергендердің пікірі әрқилы.
44 жасар Алексей Цой лауазымды қызметтен бас тартып, ғылымға бет бұруды жөн санапты. Ол бұл жайында әлеуметтік желіде жазба жариялап, денсаулық сақтау саласын ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы дамытуды қолға алатынын мәлімдеді. Кетем деген адамды ұстасын ба, ел Президенті өз кезегінде Алексей Цойға Қазақстанда коронавирус індетінің таралуына қарсы күресте атқарған еңбегі үшін алғыс білдіріп, оны қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Цой өз еркімен қызметінен босатылды деп хабарлайды Ақорда. Ал әзірге министрдің креслосы бос тұр. Министрліктің хабарлауынша, денсаулық сақтау министрінің міндетін атқару вице-министр Жандос Бүркітбаевқа жүктелді.