0:00 / 0:00
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов өмір бойына сотталған Владислав Челахтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Сенат отырысына келген бас шекарашыдан тілшілер Челахтың Президентке жазған хаты жайында сұраған еді. Өздеріңізге мәлім, бұған дейін Арқанкерген шекара бекетінде 15 адамды өлтірді деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челах Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған болатын. Хатында ол іс бойынша тергеуді қайта бастауды сұраған еді.
Бұл сонау 2012 жылы орын алған қайғылы жағдай болатын. Елді дүр сілкіндірген Арқанкерген шекарасындағы оқиғаға қатысты іс қайта қарала ма? Еске сала кетейік, Қазақстан-Қытай шекарасындағы "Арқанкерген" шекара бекетінде 2012 жылдың мамыр айында 14 шекарашы және бір қорықшы қаза тапты. Ал аман қалған он бесінші сарбаз Владислав Челах шекара бекетінен 20 шақырым жерде орналасқан қыстаудан табылғанды. Челаз 15 адамның өліміне қатысты іс бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Үкім шыққан соң ол жазасын өтеу үшін Қостанай облысындағы "Қара бүркіт" түрмесіне жіберілді. Челах соңғы рет 2019 жылы Жоғарғы сотқа жүгінген болатын. Бірақ оның шағымы қанағаттандырылмады. Өткен жылы бірқатар БАҚ Владислав Челахтың президентке хат жолдап, "Арқанкерген" шекара бекетінде шын мәнінде не болғанын айтып беруге уәде бергені жайында ақпарат шыққанды. Бұл жайында шекара қызметінің басшысынан сұрағанымызда..
ЕРЛАН АЛДАЖҰМАНОВ – ҚР ҰҚК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ «Меніңше, пікір білдіру артық болады. Оқиға орын алған жылы қылмыстық іс толықтай тергелді. Оқиғаның мән-жайы анықталды деп ойлаймын. Мен оның не айтқысы келгенін білмеймін. Сондықтан қылмыстық іс толықтай қаралып, тергелді. Егер мәлімдеме жасалса, оның мазмұнына қарағанымыз дұрыс. Қазір мен оның не айтатынын білмеймін. Владислав Челахқа шығарған үкіммен келісемін».
15 адамның өліміне кінәлі деп табылып, өмір бойына сотталған Челах Президентке жолдаған хатында тергеуді қайта бастауды сұраған. Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Тимур Тәшімбаев Владислав Челахтан өтініш түскенін растап, Әскери соттан қылмыстық іс сұралғанын айтқан еді. Ал шекара мәселесінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасында даулы аумақтар жоқ. Тек көрші Ресеймін шекара сызығы әлі бегіленбеген. Бас шекарашының айтуынша, Шығыс Қазақстан облысындағы Ресеймен шекарада демаркация жасалмаған шамамен 300 шақырым жер бар. Ресеймен шекара сызығын белгілеу жұмыстарының баяу жүруіне табиғи жағдайлар кедергі жасап отыр. Алдажұмановтың пікірінше бұл кішкентай ғана жер.
Шекара қызметі директорының айтуынша, шығыстағы шекара жұмысы шамамен 50 пайызы аяқталған. Жалпы Қазақстан мен Ресей шекарасының ұзындығы – 7,5 мың шақырымнан асады. Бұл – әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара.