0:00 / 0:00
Еңбек дауы туындаған жағдайда бір сағаттық ереуілге рұқсат беріледі. Мұндай норма Сенаттың жалпы отырысында қаралған «Еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында көрініс тапты. Құжат сенатпен мақұлданды.
Сенат еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібіне өзгеріс енгізу туралы заңды мақұлдады. Енді жұмысшыларға бір сағаттық ескерту ереуілін өткізуге рұқсат беріледі. Тек ереуілге шыққандар саны 50 адамнан аспауы керек.
АҚМАДИ САРБАСОВ – ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ «Ескерту ереуілін еңбек арбитражы кезінде өткізуге рұқсат беріледі. Уақыты - бір сағат. Адам санына да шектеу бар. Адам саны 50-ден аспауы керек. Ескерту ереуілі жұмысшылардың талабын тиімді қарастыруға және бәріне ыңғайлы шешім қабылдауға ықпал етуі керек»
Ал толыққанды ереуіл өткізу үшін жұмысшылардың талабына сай екі жақ келісімге келмесе, барлық мәселе татуласу комиссиясында қаралады. Оған жұмыс беруші мен жұмысшылардың өкілдері тең дәрежеде кіреді. Татуласу комиссиясында ештеңе шешілмесе, еңбек арбитражы құрылады. Оның құрамына да екі жақтың адамдары, еңбек инспекторы және тағы басқа сарапшылар кіреді. Онда да келісімге келмесе, жұмысшылар ереуіл жариялауға құқылы. Сенат мақұлдаған құжатқа сәйкес, арбитражды құру мерзімі екі күнге қысқартылады. Ал шешім шығаруға үш күн беріледі. Сондай-ақ, келісу комиссиясына шағым түсіру тәртібі жан-жақты жазылған. Бұл орайда жұмыс беруші ереуілшілерге жағдай жасауға міндеттеліп отыр. Депутаттар құжат еңбек дауларын реттеуге арналған, дегенмен шикіліктер жоқ емес.
Аталмыш заң сенатта екі оқылымда мақұлданып, президенттің қол қоюына жіберілді.