0:00 / 0:00
Қазақстанның батыс аймақтарын дамыту қолға алынады. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров еліміздің батыс өңірлерін кешенді дамытудың жоспарларын таныстырды. Мәлім болғандай, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарын әлеуметтік-экономикалық дамытуға бөлінетін жалпы қаржы көлемі 15,3 трлн теңгені құрайды. Оның 1,7 трлн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінбек. Айта кетейік, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынып отырған шаруа. Министрлер кабинеті төрт өңірдің дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарларын қабылдады.
«Министрлік, орталық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама мультипликативтік әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізді», - деді министр.
Еліміздің батыс өңірлері республикалық бюджеттің тұрақты доноры болып табылады. Батыс аймағынан қазынаға мұнайдан түсім түседі. ПрезидентҮкіметке Қазақстанның батыстағы облыстарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды тапсырған еді. Мәлім болғандай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, облыстарын әлеуметтік-экономикалық дамытуға бөлінетін жалпы қаржы көлемі 15,3 трлн теңгені құрайды. Оның 1,7 трлн теңгесі бюджеттен бөлінбек. Батыс Қазақстан облысын алатын болсақ, жалпы сомасы 2,6 трлн теңгені құрайтын 116 іс-шараны қамтылмақ. Бас экономистің айтуынша, мұнай зауыты салынадығ газ құбырлары жөнделеді.
Өңірдің ауыл шаруашылық саласында жылыжайлар, бордақылау алаңдары мен сүт-тауар фермасын салу жоспары тұр. Балық өсіру шаруашылығы да қолға алынады. Су қоймалары жөндеуден өткізіледі. Батыс Қазақстанда жылдар бойы шешімі табылмай келе жатқан проблемалардың бірі – сапасы сын көтермейтін жолдар мен әбден тозығы жекен электр желілері. Оны әкімнің өзі де мойындап отыр. Бұл шаруа да шешіліп қалады деп сендіреді Есқалиев мырза.
Бұдан басқа Орал қаласының халықаралық әуежайы жаңғыртылады.Емханалар мен мектептер, студенттік жатақханалар, оңалту орталықтары салынады. Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары да қолға алынбақ. Осылайша Батыс Қазақстан облысын кешенді дамытуда 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі және ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 55 пайызға өседі, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу деңгейі 100%-ға жетеді, ал электр желілерінің тозуы 80%-дан 50%-ға дейін азаяды деген үміт бар.