0:00 / 0:00
Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектепте 1-4-сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Бұл жайында Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінде хабарлап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биыл қыркүйектің 1-нен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушы, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтандыруды ұйымдастыру қолға алынды. Бұған дейін елдегі бірнеше қаланың мектептерінде ғана бастауыш сынып тегін тамақтанатын.
Енді еліміздегі барлық мектептерде бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанатын болады. Бұған дейін Астана мен Алматы және 6 облыстың ғана мектептерінде тегін тамақ берілетін. Оқу-ағарту министрлігі алдағы жаңа оқу жылынан бастап орта білім беру ордаларында 1 мен 4 сынып оқушыларын тегін тамақтандыру 100 пайыз жүзеге асатын болды деп сүйіншілеп отыр. Ал мектептердегі тағам рационы Қазақ тағамтану академиясының ұсынған мәзірімен дайындалады. Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 579 теңгені құрайды. Әр өңірде көрсеткіш әртүрлі дейді министрлік өкілі.
Сондай-ақ, оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларын тамақтандыруда ұлттық өнімдерді көбірек қолдану әдісін де ойластырып жатыр.
Осылайша бастауыш сыныптағы 1,5 млн оқушы тегін тамақпен қамтылмақ. Бұған қазынадан 90 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.