0:00 / 0:00
Президент сайлауына 55 күн қалды. Сайлаудың өтетін күні жарияланғалы алты күн өтті. Алайда, әзірге ел басқаруға ниетті бірде-бір үміткер тіркелген жоқ. Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс президент сайлауына кандидаттардан өтінім түспеген.
Ал Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысына қатысқан саяси партиялардың өкілдері де сайлауға кандидат ұсыну үшін әзірге партиялардың съезі өтпегенін жарыса айтты. 23 қыркүйекте кезектен тыс президент сайлауына кандидаттар ұсыну басталды. Науқан 19 күнге созылады. 11 қазанда аяқталады. Президентікке үміткерлер өтініш білдірген жағдайда, оларды тексеру жұмыстары 2-3 күнге созылады. Өздеріңізге мәлім, алдағы сайлауда қазақстандықтардың «барлығына қарсымын» деп дауыс беру мүмкіндігі бар. Сайлауда барлық кандидатқа қарсы дауыс беру нәтижесі 50 пайыздан асып кетсе, сайлаудың екінші кезеңін өткзуге тура келеді.
Комиссия мүшесінің сөзінен түсінгеніміз, сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жеткен адам сайланып, ал барлық кандидатқа қарсы шыққандардың дауысы ескерілмейтін болып тұр. Өтемісов мырза «барлығына қарсымын» бағаны - азаматтардың өз қалауын білдіру мүмкіндігі, дауыс берушінің кандидаттарға деген қарым-қатынасын білдіреді дейді. Ал адам құқығын қорғау уәкілі бұл сайлаушылардың құқығын бұзу деп табылмайды дейді. Ол Президенттік додада сайлаушылардың барлық кандидатқа қарсы дауыс беру нәтижесі 50 пайызға жетпейтініне сенімді.
Тағы бір жаңалық Президент сайлауына қатысатын кандидаттарға берілетін қол жинау парағын беру уақыты қысқарды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, сайлау заңнамасы негізінде президенттікке кандидаттарға қол қою парағын беру мерзімі екі есеге қысқарды. Яғни 5 күннен 2 күнге дейін. Сонымен қатар үміткерлер жинаған қолдың дұрыстығын тексеру мерзімі 10 күннен 5 күнге дейін қысқартылды.