0:00 / 0:00
Қазақстанда балаларды зорлық зомбылықтан қорғау, олардың құқығы бұзылған жағдайда жауапкершілікті күшейту мәселесі қаралып жатыр. Өкінішке орай, ақпарат беттерінде балаларға қатысты қатыгездік, өлім-жітім туралы деректер көбейіп кетті. Баланың көшеде жүруі де ата-ана үшін алаңдатарлық жағдайға айналған. Статистикаға сүйенсек, орын алған 2 мың қылмыстың 700-і балаларға қатысты. Зорлық-зомбылық дерегінің 60 пайызында балалар құрбан болып отыр. Жантүршігерлік әр санның артында бір баланың өмірі тұр. Тіпті, балалар бөтен түгілі өзінің ата-анасынан да жәбір көріп жатқан деректер де жоқ емес. Педофильдердің қолынан өлім құшқан, бала ұрлығы, балалардың жазатайым жағдайға ұшырап мертігуі немесе содан қайтыс болуы тағы бар. Жақында ғана Түркістан облысында 4 жасар бала кәріз құдығына құлап кетіп, қайтыс болды. Екібастұзда 7 жасар қыз баланы әке-шешесі өлтіріп тастаған. Ата-ана қарауынсыз қалып тілсіз жаудың құрбаны болған балалар. Тізе берсек мұндай деректерден жан түршігеді. Енді қазақстандық балалар құқығы қорғалмай жатқанда халықаралық ұйымға шағымдана алады. Ол үшін Парламент бала құқығы туралы хаттаманы қабылдады.
Осылайша БҰҰ-ның комитетіне Қазақстанның ішкі рәсімдерінен кейін ғана шағымдануға болады. Шағым онлайн форматта жіберіледі. Депутаттар Қазақстанның бұл хаттамаға қосылуы бала құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға ықпал етеді деп отыр. Зорлық-зомбылық үшін бұрын 3-5 жылға соттайтын болса, қазір 10 жылға бас бостандығынан айырады. Елде балаларға қатысты орын алған қайғылы жағдайлардан соң мемлекет басшысы жауапкершілікті күшейтуді тапсырған болатын. Қылмыстық кодексте кәмелет жасқа толмағандарды өлтіргені үшін, зорлағаны үшін өмірбақи бас бостандығынан айыру көзделіп отыр.